Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ойыл" өзенін бойлаған заңсыз бөгеттер неге бұзылмай отыр?

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2021
  • 2789

"Ойыл" өзені экологиялық апат алдында тұр. Соңғы он жылда арна он есе тарылған. Мұның зардабын әсіресе Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының халқы көруде. Аймақтағы өзен жанашырлары Ақтөбе облысы аумағында өзенді бойлай заңсыз бөгеттер салынғанын дәлелдеген. Жағдайды реттеуді талап етіп отыр. Әйтпесе, келер жылы аудан халқы мен шаруалары тағы да судан тапшылық көретінін айтып дабыл қағуда.  

Ойыл өзені жанашырлары, соңғы 2-3 жылдан бері ұзындығы 800 шақырымға созылған су жүйесін бірнеше рет аралапты. Өзенге құятын салаларды бөгеп тұрған 57 нысанды анықтап, оның 49-ында рұқсат қағазы жоғын дәлелдеген. Барлық дәлелдерін фото, видео, тіпті картаға түсіріп, құзырлыларға жеткізген. Іске Экология, геология, табиғи ресурстар министрлігі араласып, Ақтөбе облысы әкіміне бөгеттерді бұзуға тапсырма да берді. Алайда экожанашырлардың жасалып жатқан іске көңілі толмайды. Иесіз 2-3 бөгетті ғана бұзып, қалтасы қалың, азулы кәсіпкерлерге тістері батпай отыр,- деп өкпелі.

Есенбай НҰРОВ, «ОЙЫЛ ӨЗЕНІ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 Бұл көзді алдарқату үшін жасалған іс деп ойлаймыз. Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жасап отырған ісі деп ойлаймыз. Мамыр айында анықталған нәрсе бұл. 4 ай болды. 4 айдан бері ештеңе жасалған жоқ.

Ақ жағылылардың асықпай аяқ басуы отыз мың халқы бар қызылқоғалықтардың ашуын туғызып отыр. Төрт түлікке қарап отырған жұрт қуаңшылықтан шығар жол осы ғана,- дейді. Атырау әкімдігі болса, көршіден бір нәрсе талап етуге қауқарсыз екенін мойындайды.

Қайрат НҰРЛЫБАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Екі облыстың  әкімінің келісіміменен және экология министрі бекіткен  іс-шара жоспары қабылданатын болды. Қазір ол іс-шара жоспары жасақталды. Атырау облысы әкімдігімен  келісілді. Енді Ақтөбе облысының әкімінің келісуіне жіберді. Осы аптада келісілсе, ол министрлікпен бекітіліп,  бақылауға қойылады.

Бұл іс-шараға көрші облыс атқамінерлері қол қоя қоюы екіталай. Өйткені олар ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін 10 бөгетті коммуналдық меншікке қабылдайтынын мәлімдеген. Енді ол бөгеттердің тағдырын  Жайық –Каспий бассейндік инспекция мамандары шешеді. Қазір олар тексерісті бастап кетті.

Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИН, ЖАЙЫҚ-КАСПИЙ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бөгеттер біз қарап шықтық. Көбінесе топырақтан салынған , орысша айтқанда, глухой бөгеттер . ешқандай суағары, басқа да құрылыстары жоқ көпшілігінің.


Ғалидолла Әзидуллин соңғы 3 жылда қар мен жаңбырдың азаюы өзеннің сарқылуына әкелді ,- дейді.  Ал ауылдағы ағайын бөгеттер мен бұлақтардан тазаласа, арнасы кепкен өзеннің сай-саласына жан бітерінен үмітті. Сондықтан бөгеттердің бірі қалмай бұзылсын деп талап етіп отыр.  

Б. Нәдірқызы