Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда тұрғын үй нарығы тұралап тұр

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2021
  • 1772

Қызылжарда тұрғын үй  нарығы мүлдем тұралап қалды. Риэлторлар сатылым көрсеткішінің әбден төмендегенін айтып отыр.  Мұндай дағдарыс соңғы 15 жылда алғаш рет болды, дейді олар. Жылжымайтын мүлік саласындағы тоқырауға не себеп? Тығырықтан шығар жол бар ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин саралап көрді.

Юлия Елемесова қала орталығындағы екі бөлмелі пәтерін бір айдан бері сата алмай жүр. Пәтері сатылса, балаларына басқа қаладан үй алуды көздеп отыр.  Бірақ бағаны қанша арзандатса да, сатып алушы табылар емес.

Юлия ЕЛЕМЕСОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мен пәтерді нарықтық бағадан арзан етіп қойдым. Бір айдың ішінде адамдар үш-ақ рет хабарласты. Енді қалай сатарымды білмей отырмын. Енді  күтуден басқа амал жоқ.

Риэлторлардың айтуынша, дәл қазір тұрғын үй нарығы тұралап тұр.    Инна Ковалева мұндай жағдайды бұрын-соңды кездестірмедім дейді.  Сату көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есе төмендеген. Сондықтан баға да арзандаған.

Инна КОВАЛЕВА, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Айдың басынан бері небары 5 пәтер ғана сатылды. Қазір жылжымалы мүлік 5-10 пайызға арзандады. Бірақ бағалар тағы түседі деп ойламаймын. Себебі, азық-түлік пен қызмет құны қымбаттап жатыр. Сондықтан пәтер құны бірқалыпты болмақ. Жағдай оңалар деген үміттеміз.


Ал сарапшылар стагнацияны әу-бастан болжағандарын айтады. Бұған бірнеше себеп бар, дейді. Петропавлда соңғы екі жылда пәтер құны 30-40 пайызға шарықтаған. Сондықтан халықтың сұранысы төмендеген. Сондай-ақ нарықтың тұралауына несиелеу бағдарламаларының аздығы әсер етті, дейді сала мамандары.

Азамат БАЙМАҒАНБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Осыған дейін ипотекалық бағдарламалар өте қолжетімді болды. Бұл бағалардың өсуіне әкеліп соқтырды. Пәтер нарығындағы дағдарысқа байланысты бағалар қалыпқа келеді деп ойлаймын. Кейін жаңа мемлекеттік жобалардың іске қосылуы да  нарыққа тың серпін бермек.

Осыған дейін Қызылжарда сатылған пәтерлердің 80 пайызы ипотека арқылы рәсімделген. Яғни, сарапшылардың айтуынша, халықтың өз қаражатымен үй алуға мүмкіндігі жоқ. Халық   қазір    жаңа мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуын күтіп отыр.  

А. Құрманкин