Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде тұрғындар бос шелектерін салдыратып, наразылыққа шықты

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2021
  • 2534

Ақтөбеде қымбат саналатын "Бавария" тұрғын үй кешеніне қатысты шу шықты. Көпқабатты үй биыл шілде айында пайдалануға берілгенімен, коммуникация желілері әлі  іске қосылмаған. Пәтерлердің сапасына сын көп. Құрылыс компаниясының құрғақ уәдесіне тойған жұрт бұл іске прокуратура мен әкімдіктің араласуын сұрайды.

Қаланың элиталы ауданынан үй аламыз деп  қуанған тұрғындар мұндай проблемаларға тап боламыз деп ойламаған.  Құрылыс компаниясы әуелден-ақ шаршатты дейді, 150 пәтерлі үй мерзімінде тапсырылмаған,  наурызда таратылуы тиіс пәтер кілттері тек шілде айында берген. Содан бері екі ай өтсе де, әлі күнге дейін коммуникация желілері іске қосылмаған.
 
Ербол ТӘЖІҒҰЛОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Я Ақбұлаққа су қосылмаған, я газ қосылмаған, я свет қосылмаған. Қанша халық несие төлеп отыр. Біз өзіміз алған жеке пәтерімізге кіре алмай отырмыз.

Бұл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер арзан емес. Бір шаршы метрінің бағасы 210-240 мың теңге аралығында. Қымбат  құрылыстың сапасы сын көтермейді, дейді тұрғындар. Кіре беріс алқам-салқам. Жеделсаты жұмыс істемейді. Үй ауласы абаттандырылмаған. Балаларға арналған  ойын алаңы жоқ. Пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары да  көңіл көншітпейді дейді тұрғындар.  

Жеңісгүл, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен әйел адам ер адам құсап күш салмай қырғанның өзінде стяжкасы алынып жатыр құм болып. Кафельдері түсіп жатыр тепсең.


Кемшіліктердің бәрін тізіп, пәтерді қабылдау актісіне жаздық. Құрылыс компаниясы тамыз айында жөндеп беруге уәде еткен болатын дейді ашынған жұрт.  Алайда, әлі ештеңе істелмеген. Оларды күте-күте тағаты таусылған халық  қолына шелек ұстап,  құрылыс компаниясына барды. Анықталғандай, тұрғын үй кешені мен оның инженерлік желілері бөлек жобаланған. Су мен газдың кешігіп жатқан себебі сол.
 
Махамбет ӘБДІРАХМАНОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ДИРЕКТОРЫ:


Сыртқы коммуникация бөлек болғандықтан, екі айға кешіктірдік. Бүгін стояктарға пуско-наладка болады. Ертең үйге су береміз. Газ құбырын да біз қосып қойғанбыз. Құжаттардың бәрі ЖКХ-да, басшысы бүгін қол қойса, келесі аптада газ қосып береміз.

Тұрғын үй пайдалануға берілген кезде мемлекеттік органдар  оны қабылдауға қатыспайды. Құрылыстың сапасы тек тұрғындардан арыз түссе ғана тексеріледі. Ал, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы  үй мен коммуникация желілерінің екі бөлек жобалануына қатысты  заңсыздық көріп отырған жоқпын дейді.

Оксана СОПРУН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Иә, мұндай үйлерде ішкі коммуникация желілері жүргізіліп, сыртқысы бөлек жоба ретінде жасалуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдайда тапсырыс беруші компания тұрғындарды қоныстандырмауы керек. Үй әлі дайын емес болып есептеледі.

Тұрғындардың шағымымен құрылыс компаниясының өкілі келісіп отыр.  Сондықтан олар пәтерлердегі кемшіліктер үшін    мердігерді сотқа берген. Сапасыз салынған еден компания есебінен қайта жасалады.

Г. Сейтенова