Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда үйі өртенген көпбалалы отбасы далада қалды

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2021
  • 2016

Қостанайда көпбалалы отбасы далада қалды. Үйі өртеніп, дүние-мүлкі түгел жанып кеткен жанұяға көмек керек дейді ауылдастары. Айтуларынша,  баспананы қалыпқа келтіру  үшін қомақты қаражат қажет. Ал жалғызбасты ананың  үйді жөндеуге мүмкіндігі жоқ.

Тілсіз жау  үйелмелі-сүйелмелі отбасын далада қалдырды. Қос пәтерлі баспананың бір бөлігін мекендеген Курочкиндер енді қайда барарын білмейді. Дүние-мүлік, киім-кешек түгел жанып кеткен. Айтуларынша, өрт электр сымдарының тұйықталуынан болған.

Римма КУРОЧКИНА, КЕНТ ТҰРҒЫНЫ:

Дүние-мүлкім түгел жанып кетті.Жиһаздар күлге айналды. Оның несиесі ғана қалды.Үстімізде не бар,сонымен ғана қалдық. Құжаттарымыз жанып кетті.

Шиеттей бала-шағамен  шырылдап  қалған жалғызбасты анаға Қостанай жұрты қолдан келгенше көмек қолын  созуда. Азық-түлік, киім-кешек жеткізіп беріп жатыр.Қайырымды жандардан бір миллион теңгеден астам ақша жиналған.   

Бауыржан ЖҮСІПОВ, КЕНТ ТҰРҒЫНЫ:
 
Әлеуметтік желілер арқылы хабарлап жатырмыз. Кеше еріктілер  қол ұшын беруге келді.Ақырындап адамдар атсалысуда.Бәрі қолдан келген көмегін жасап жатыр.

Даниль КОПЫЛОВ, ЕРІКТІ:

Отбасының қиындыққа тап болғаны жөнінде әлеуметтік желіден білдім.Мұндай жағдайға кез-келген адам тап болуы мүмкін ғой. Сондықтан келіп көмектесу керек деп шештім. Дәл қазір оларға қолдау керек.

Шаһар билігі кәсіпкерлерді жұмылдырып,  күл-қоқысты тазартып жатыр.  Оған қоса   материалдық  көмек көрсетілетінін  хабарлады. Бірақ, қабырғасы ғана қалған баспананы қайта қалыпқа келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Жалғызбасты ана көпшіліктен  көмек сұрайды.  

З. Санай