Шымкентте көпқабатты үйдің ауласынан 28 жастағы бойжеткеннің денесі табылғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Сырғанаққа асылып тұрған мәйітті көргендер дереу полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары мұны растады. Бірақ олардың айтуынша, қайғылы жағдай 18 қыркүйекте болған. Қазір ойын алаңында көз жұмған әйелге қатысты тергеу жүріп жатыр.
Мөлдір БЕКЕЕВА, ШЫМКЕНТ қ. ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Аталған жайт Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 105-бабының 1-бөлігімен тіркелді. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Балалардың ойын алаңында болған бұл жайттан тұрғындар бейхабар көрінеді. Мұны әлеуметтік желіден көріп, өзіміз де , жағамызды ұстап отырмыз дейді олар. Айтуларынша, қайтыс болған әйел бұл жердің тұрғыны емес.
Бақытжан ОРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ондай болса есітер едім. Айтатын еді ғой көршілер. Басқа жақтан келген қыз шығар бәлкім. Бұрын бұл жерде бір жағдай болған 5-6 жыл бұрын. Гараждың қасында бір қызды өртеп кеткен өлтіріп. Одан кейін ондай. Вообще бұл жерде қылмыс деген көбейіп бара жатыр ғой қазір. Жаман боп барады. Наркомандар көбейіп жатыр.
Андрей ГОРЛЯКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің ауламыз оқшауланған, көзден тасалау. Сол себепті ма екен көбіне бөтен адамдар көп жиналып алады.
А. Төребекқызы