Русский Сайттың толық нұсқасы

Бұрынғы денсаулық сақтау министріне қатысты тоғызыншы сот отырысы немен аяқталды?

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2021
  • 1657

Осыдан он күн бұрын  бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін   сот тағы екі айға ұзартқан болатын. Бірақ, бұған   экс-министрдің қорғаушылары келіспей,  жеке шағым түсірді. Дәлірек айтқанда,  соттан бұлтартпау шарасын жеңілірек жазаға  -яғни, ешқайда кетпеу туралы қолхат немесе кепілге ауыстыруды сұрады.   Алайда, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі соттың сот алқасы шешімді өзгертпеді. Судья Мұрат Солтыбаев шағым түсірген қорғаушылардың дәлелдерімен келіспей, күдіктіні үйқамақта қалдырды.

СОТ ШЕШІМІ:

Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының күдікті Біртановты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта ұстау мерзімін екі айға ұзарту туралы 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, адвокаттардың жеке шағымы қанағаттандырылмайды. Бұл соңғы шешім, кассациялық тәртіпте шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды.

Естеріңізге сала кетейік, Біртанов  өткен жылдың 7 қарашасында қамауға алынған болатын.  Осы уақытқа дейін экс-министрді   үйқамақта ұстау мерзіміне қатысты 9 сот отырыс өтті. Ал, қылмыстық істің материалдарымен танысу үшін сотта 2 рет өтініш қаралған. Дегенмен, сот бұлтартпау шарасын ұзартудан басқа шешім шығарған жоқ. Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейіннен жұмыс істемейтін цифрлық платформаны қабылдады және санитарлық авиацияны жеке мақсатта пайдаланды деген айып тағылды. Бірақ экс-шенеунік мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

А. Данияр