Русский Сайттың толық нұсқасы

Боксшы Аида Сатыбалдинова саладағы былықты әшкере етті

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2021
  • 1953

Спортқа бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпейді. Оны жымқырушылар көп. Қазақстандық кәсіби боксшы Аида Сатыбалдинова, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа осылай деп видеоүндеу жолдады. Оның айтуынша отандық спорттың ақсауына бірден-бір себеп - жемқорлық. Әріптесім мән-жайды анықтауға тырысты.  

Көкшетау қаласының тумасы Аида Сатыбалдинова әйелдер арасындағы кәсіпқой боксшы. Соңғы үш жылдан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Соған қарамастан спорт сайыстарында Қазақстанның жалауын көтеріп жүр. Өз үндеуін осылай бастаған боксшы саладағы жемқорлыққа Президенттің назар аударғанын қалайды. Мемлекет спортқа аз ақша бөліп жатпағанын айтты. Бірақ ол қаражат діттеген жерге жете алмай жатыр дейді.   

Аида САТЫБАЛДИНОВА, БОКСШЫ:

Менің ойымша, өңірлердегі спорттың барлық түрі бойынша тексеру жүргізу керек. Өйткені еңбектеніп жүрген белсенді спортшылардың санын анықтау қажет.  Бірақ олар жарысқа өтпейді.

Екіншіден мысалы 40 адамға дайындық жүргіземіз деп өтінім беріледі. Алайда іс жүзінде бұл дайындыққа 25 адам қатысады. Қалған адамдарға бөлінген ақша ұрланады. Қазақстандық жаттықтырушылардың мәселесі де оңып тұрған жоқ.  

Бұған қатысты жауапты министрліктің де жауабы дайын. Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, жамқыру фактілеріне еш негіз жоқ.   

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Ведомство өкілдері 2017 жылы спортты ашық қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық ережелеріді бекіткен. Спорттық іс-шараларға қатысуға және спорттық іс-шараны өткізуге байланысты барлық шығын спорттық іс-шараларға қатысушылардың карта-есепшоттарына банктік аударымдар жолымен жүзеге асырылады, осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі болмай, есеп айырысудың ашық жүйесі қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ боксшы 2-3 есе артық алатын легионерлер мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, шетелдіктер өз спортшылары болмаған жағдайда ғана керек. Ал, бізде олар жоқ емес бар дейді. Қазақстандық жаттықтырушылардың мәселесі де оңып тұрған жоқ деді. Елдегі бокс федерациясы болса спортшының бұл пікрімен келіспейді.

Аян ТӨЛЕГЕН, ҚАЗАҚСТАН БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аида Сатыбалдинова Бокспен айналысқанына 2 жыл ғана болды. Кәсіпқой боксқа 28 жасында келді. Ол оған дейін ауыр атлетші болған. Үш рет Қазақстан чемпионатына жолдама алған. Бірақ алдын ала кездесулердің екеуінде жеңіліп қалды. Яғни оның бокста жолы болған жоқ. Мен білмеймін, мүмкін содан болар бүгінгідей жағымсыз пікір айтып отыр. Ол қазіргі ұлттық құрамының жағдайын білмейді. Оған тіпті кірмеген де. Ұлттық Олимпиада комитетінің есебінен жарыстарға да барған жоқ.

Айта кетейік, Аида Сатыбалдинова 2019 жылдан бері шаршы алаңға шықпаған.

Б. Сатуов