Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үй коммуналдық жүйелерге қосылмаған

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2021
  • 1533

Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, пайдалануға берілген үй коммуналдық жүйелерге қосылмаған. 18 қабатты баспанада жылу, жарық,  су жоқ. Осының салдарынан   тұрғындар үйлеріне қоныстана алмай отыр. Коммуналдық жүйелер не себептен қосылмай жатыр? Жауапты мекеменің айтар уәжі қандай? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.
 
Мектеп мұғалімі Самал Көкенбаева қалалық әкімдіктің пәтер кезегіне 2010 жылы тіркелген.  Ұзақ күтіп, кілтке әрең қол жеткізсе де, ол әлі  үйіне кіре алмай отыр.  Жылу  жоқтықтан  пәтердің іші азынап тұр, ол аздай жарық пен су да жоқ.

Самал КӨКЕНБАЕВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір пәтер жалдап тұрамын. Өкінішке орай қазір қазан айында осы берілген үйдің ипотекасын төлеу керек. Ал ондай қомақты ақша екі жерге төлейтіндей жоқ. Сондықтан біздің сұрайтынымыз бізге тезірек жылу, жарық пен суды берсе екен.
 
18 қабатты үйде қос лифт бар. Бірақ, екеуі де әлі іске қосылмаған. Бұл да тұрғындарға қиындық тузығуда.

Светлана ПОЛОМСКАЯ, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл менің алғашқы үйім. Екі балам бар. Өмір бойы пәтер жалдап келдік. Енді көшейін десек, пәтер адам тұратындай халде емес.
 
Жас Өркен шағын ауданындағы бұл зәулім баспана "Шаңырақ" бағдарламасы аясында бой көтерген. Тұрғын үйдің құрылысы былтыр басталып, биыл уақытында тапсырылған.  Үйдің жарық желісіне қосылмауы  электр станциясына байланысты боп тұр дейді жауаптылар.  Жаңадан салынған шағын ауданды толық жарықпен қамтамасыз ететін  станцияның құрылысы сағызша созылған.
 
Серік САБЫРАЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Подстанция 100/10 кВ, оны АО Электромонтаж істеп жатыр. Уже үшінші жыл болды істеп жатқандарына. Осы тамыз айында бітіруі тиісті еді, бітірген жоқ. Біз сотқа бердік, штрафные санкции предъявили. Бірақ тағы бір айдың ішінде бітіреміз деп отыр.
 
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Шенеуніктердің айтуынша, бұл тұрғын үйде жылу және су жүйелері қосылуға сақадай сай. Әкімдіктегілер оны он күннің ішінде береміз деп отыр. Ал жарық мәселесі бір айдың ішінде шешілетініне сендіреді. Әзірге  Жас Өркен шағын ауданындағы 5 көпқабатты тұрғын үй уақытша жарық көзін пайдаланып отыр.

А. Құрманкин