Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде балалар жаңа мектепке балшық кешіп, әрең жетеді

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2021
  • 2470

Ақтөбеде жаңа мектептің оқушылары білім ордасына жету үшін балшық кешуге мәжбүр. Өйткені, зәулім ғимаратты  салғандар оған апаратын жолды ескермеген.  Бұған ата-аналар наразы. Балалар күнде батпаққа белшеден батып келеді дейді.  Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Гүлвира Сейтенова жеткізеді.

Ақтөбенің Батыс-2 ауданында орналасқан үш мың орындық  мектеп биыл бірінші қыркүйекте ашылды. Бірақ оған кіріп-шығар жолды ешкім ойластырмаған. Ғимараттың  айналасы балшық, аяқ алып жүру қиын.

БЛИЦ:

- Бүгін қиын болды, баламен келе жатырмын, аяғын қараңыз.

- Машинаға кіре алмай, балам аяқ киімі топырақ-топырақ.


Ата-аналар  бұл  мәселені құзырлы орындарға айтқан. Кеше мектеп алдына   қиыршық тас төселіпті. Бірақ  оның пайдасы болмай тұр дейді жұрт.  

Нұргүл ЗАКИРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жолды бұрын ойластыру керек еді, жазда, батпақты күтіп отырмай. Енді мынаны төсеп тастағанына кеше күн болды, әлі істеген жоқ. Асфальт төселген жоқ. Оның өзі кішкентай жер. Әрі қарай төсеу керек еді.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Балалардың мектепке баратын жолын қалайда жеңілдету үшін ата-аналар бүгін таңертең мына қоқыста жатқан ағаш тақтайшаларды жинап алып, осындай жол салып алған. Алайда, аңдап баспаса, адам аяғын ауыртып алуы мүмкін.

Мектеп әкімшілігі білім ордасының ауласын ретке келтірдік, ал сырттағы жолға  қалалық әкімдік жауап береді дейді. Ал, әкімдіктегілердің айтуынша,  мектеп алдындағы жолдың құрылысы енді басталған.  

Мейрамбек ТАИРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Жылдың басында шығарылған спискіде бұл мектеп болған жоқ. Ата-аналар мектеп салынған соң, жол болмаған соң мектептің директорына хат келіп, осы спискіге қостық. Сол үшін ол сентябрьде басталды.

Әкімдік тек мектеп алдындағы жолдың бір бөлігін, яғни 600 метрді ғана  асфальттайды.  Оны  қазан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал, білім ордасының екі жағындағы жаяу жүргіншілер жолын мектептің өзі салуы керек.

Г. Сейтенова