Русский Сайттың толық нұсқасы

Семейлік шенеуніктер мемлекет ақшасын талан-тараж қылған

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2021
  • 1541

Семейде мектептің қақыраған қабырғасын жөндеуге 1 миллион теңге бөлінген, бірақ оған 130 мың теңге ғана жұмсалыпты. Қалған қаражат құмға сіңген судай болып отыр. Бұл жайына «Nur Otan» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында белгілі болды. Партиялықтар жергілікті шенеуніктер ақшаны жымқырды деп күдіктенеді. Мұндай келеңсіздіктер аймақта аз емес екен. Аудандардың бірінде бассейн жаңадан салынса да, жөндеуді қажет етіп тұр. Жиын барысында бірқатар шенеуніктер ескерту, тіпті сөгіс алғандары да бар.

Өңірде 200-ге жуық жемқорлық бойынша іс тіркелген. Одан бөлек, 20 шақты азамат қызметін асыра пайдаланған. Осының негізінде 200-ден аса адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, әсіресе білім саласында өршіп тұр. Нұр Отан партиясының статистикасына сүйенсек, мұндай жағымсыз көрініс Шығыс Қазақстанда 2 жылға жетпей қалыптасты. Жұмыс тобының облысқа сапары нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактілері көбірек ашылуы мүмкін.

Дәурен ЖҮСІПОВ,  «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ РҚК МҮШЕСІ:

Семейдегі мектептің қасбеттік жарықшағын жөндеу. Ол болар болмас жарықшақ. Оған 1 миллион теңге бөлінді. Бұған 130 мың теңге ғана жұмсалған. Қалған қаржы - шамамен 900 мың теңге - бұл жарықшақты қалай түзетуге болатынын анықтауға жұмсалды. Нәтижесінде - ол жай ғана бұрандамен бекітілді.

Бұдан бөлек, жақында аудан орталығында жаңа бассейн салынған. Бірақ ол қайтадан жөндеуді қажет етіп тұр, -дейді партиялықтар.  Жарты миллиард теңгеге салынған кешеннің пандустары қисайып, қабырғалары жарылған, оған қоса едені де түзу төселмеген. Семейдің орталық саябағындағы дауы да шешілер емес. Саябақты қалыпқа келтіру жұмыстары, еінші жыл қатарынан жалғасып жатыр. Мердігерлер тапсыру уақытын қайта-қайта шегеріп келеді.

Ерлан САИРОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ РҚК ТӨРАҒАСЫ:

Мынау Шығыс Қазақстан облыс әкімшілігінің өкілдері, осында отырған кеңес мүшелері бұл кеңесті  құрған Нұр Отан партиясының Төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Осында біз жұмыс істеп отырған кезде сол кісінің саяси шешімдеріңн, саяси бағыт-бағдарын іс жүзіне асырып отырамыз.

Өңірде сайлауалды бағдарламаның жүзеге аспай қалу қаупі бар. Кеңес мүшесі Меруерт Қазбекова жергілікті шенеуніктер Нұр Отан партиясының талаптарын елеп-ескермейді - дейді.

Меруерт ҚАЗБЕКОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ РҚК МҮШЕСІ:

Барлық басшыларға, қала, облыс, аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына Нұр Отан партиясының мүшесі болғандықтан осындай қызметте отырғандарын ескерту керек. Егер олар партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесін елемесе, онда олардың партия мүшелігіне қатысты  бір қорытынды жасау керек. Ал егер олар «Нұр Отанның» мүшелері болмаса, олар өз қызметтерін жалғастыра алады ма?


Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысына сәйкес, аймақ әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевқа сөгіс берілді. Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметовке ескерту жасалды. Сонымен қатар, Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов пен облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділоваға да сөгіс жарияланды.

Д. Жарқынбек