Африкадан тағы да бір құттықтау бейнеролигі жетті. Бұл жолы қара нәсілді жігіттер Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың туған күніне құттықтау жолдады.
Әлеуметтік желілерде таралып кеткен бұл бейнероликті кім жасағаны немесе оған кім тапсырыс бергені белгісіз. Белгілісі кеше, яғни қазанның 3-інде қала әкімі Асхат Шахаров 43 жасқа толған. Ол бұл құттықтауды көрген, бірақ өзіне ұнамағанын айтты. Тіпті заңгерлерге жүгініпті.
Асхат ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Әрине, бұл жерде әзіл бар. Бірақ, саяси қызметкер болсын, жай мемлекеттік қызметкер болсын осындай жағдайға тап болып, күлкіге қалуы мүмкін. Сол себепті, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік осындай кезде қалай әрекет ету керек екенін шешуі тиіс. Шын мәнінде егер бұл жерде абыройыма нұқсан келген болса, оны заңгерлер анықтап жатыр, тиісті органдарға немесе сотқа жүгінуге мәжбүрмін.
Африкалық жігіттердің көмегімен әкімдерге сәлем жолдау бүгінде хайпқа айналып кеткенге ұқсайды. Бұған дейін осындай бейнеқұттықтау Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омаровқа да келген болатын. Ол кезде де қол астындағылар бұған біздің қатысымыз жоқ деп ақталған еді. Артынша африкалықтар, "біздегі әдетке сай" бұл әрекеттері үшін кешерім сұраған болатын.
Г. Сейтенова