Русский Сайттың толық нұсқасы

Алғашқы қардың әлегі: жол-көлік апаты айтарлықтай көбейді

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2021
  • 2962

Нұр-Сұлтанда "қыс" басталды. Қар қалың түсе қоймаса да, көлік қозғалысына едәуір әсер етіп отыр. Жолдың көк тайғақ болуы салдарынан рөлге ие бола алмай жатқандар көбейген. Көлік жүргізушілері де ұйқыларынан енді оянып, дөңгелек ауыстыруға кезекке тұрған. Ал, суық күнде автобус күтіп тоңған халық қоғамды көліктердің санын көбейтуді сұрайды. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Алғашқы қар астаналықтардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай әбден әбігерге салды. Бұл - Ұлы Дала мен Мәңгілік ел көшелеріндегі таңертеңгі қарбалас. Жұмысқа асыққан халық қоғамдық көлікті сағаттап күтуге мәжбүр болған.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Елордада дәл қазіргі уақытта сынап бағанасы 0 градусты көрсетіп тұр. Күн өте суық. Ал, аялдамада өздеріңіз көріп тұрғандай адамдардың қарасы қалың. Барлығы автобустарды күтіп тұр. Қоғамдық көліктердің аралық уақыттары тым ұзап кеткен.

БЛИЦ:

- Өте көп күтіп тұрмыз. Тіпті, инстаграмда арызданып жатыр ғой. Күн қалай суытады, автобустар бізде үнемі проблемный бізде.

- Автобусты 50 пайызға дейін толтыру керек қой, дұрыс па? Қараңыздар қалай жүреміз. Өте қиын.

- 47 автобус 20 минуттай болған шығар күтіп тұрғаныма.


Десе де, тұрғындар мұны үйреншікті жағдай, дейді. Жыл сайын осы кезеңде қайталанып отыратын айтып шағымданды. Ал, қалалық көлікті бақылау департаменті мұның бәріне - жолдың тайғақтығы мен көлік апаттарының көбейгендігі себеп дейді. Арасында - автобустардың қатысуымен болғандары да бар.

Адамға лық толы қоғамдық көліктегілер Қосшы қаласының тұрғындары. Күн суықта, ақшаларын үнемдеуі үшін осындай амалға барған. Қыстың ызғары әлеуметтік арақашықтықты да ұмыттырып жіберіпті.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Енді, осындай күн суықта такси қызметкерлері осы сәтті пайдаланады. Дәл қазір осы министрлік үйінің қасынан жұмысқа дейін такси қызметкерлері қанша ақша сұрайды, көрейік.

Көлік тоқтатып, біршама уақыт тұрдық. Көп жүргізуші оң жағалауға барғысы келмеді.

Әдеттегі жолақы 500-600 теңге болатын нүктелердің құны да аспандап тұр. Такси қызметтері де 2-3 есеге қымбат.

Өткен тәуліктің ішінде қалада 96 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жарақат алған 1 адам бар. Ал, бүгін таңертеңнен кешке дейін 105 жағдай анықталып отыр. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкері  ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, жылдамдықты асыратын жүргізушілердің барын айтады. Жол апатаның туындауына бірден-бір себеп осы, дейді. Тіпті, көпшілігі дөңгелектерін қысқы түріне ауыстырмаған.  

Бауыржан ТОҚЖҰМАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ, ПОЛИЦИЯ МАЙОРЫ:

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ 1-2 күн бұрын болған оқиғаларды айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 40-қа жуық жол апаты тіркелетін-ді. Енді 96-мен салыстырғанда 40-35 пайызға өсіп отыр.

Көлік жүргізушілері жаппай дөңгілек ауыстыру орындарында ұзын-сонар кезекте тұр.  

БЛИЦ:
 
- Он екілердің шамасында келдім. Міне, әлі күтіп тұрмын 2 сағаттың көлемі болды.

- 4-5 сағат болды осында тұрғаныма. Бұған дейін қар болған жоқ.


Қазгидрометтің хабарлауынша, Қазақстанда суық ауа райы апта соңына дейін жалғасады. Елдің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жаңбыр жауып арты қарға ұласады деген болжам бар. Төтеншеліктер көлік тізгіндегендерді жолда барынша сақ болуға шақырды.  

А. Данияр