Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл 20 мыңға жуық қазақстандық жас шетелге оқуға аттанады

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2017
  • 3263

Биыл 20 мыңға жуық қазақстандық жас шетелге оқуға аттанады. Оның 70 пайызы көрші Ресейді таңдаған. Бұл туралы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов  мәлімдеді. Бұған не себеп? Ал қазақ «миының» оқу іздеп шетелге кетпеуі үшін қандай шара қолданылып жатыр? Айгүл Ермахан сауалдарға жауап іздеп көрді.

Темірлан Махатов - Ресейдегі Орал мемлекеттік университетінің студенті. Көрші мемлекетте оқитын қазақ баласы өрт сөндіруші мамандығын меңгеріп жатыр. Оқуы тегін. Темірлан Ресейде білім сапасы жоғары әрі студенттерге жақсы жағдай жасалатынын айтады.

Темірлан Махатов, студент:

Ресейде бюджеттік орындар көп бөлінеді. Көбінесе техникалық мамандықтарға. Қазақстандық жастарға да тегін оқуға түсуге жағдай жасайды. Ол жақта ұлттық бірыңғай тест тапсырмайсың. Оқуға түсу оңай.

Қостанай облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл төрт мыңнан аса түлек біріңғай ұлттық тестілеуден теріс айналған. Соның жартысы Ресейдегі оқу орындарына түсіп үлгерген.

Айман Игісінова, Қостанай облыстық білім басқармасының бөлім  басшысы:

Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша, біздің Қостанай облысының түлектерінің 754-і  Ресей ЖОО түссе, биыл, алдын ала есеп бойынша, 591 түлек Ресей Федерациясының ЖОО жалғастыруға ниеттенген.

Қазақ жастарының «миына» талас мәселесі жылда өткір. Былтыр оқуды тәмамдаған 121 мың түлектің 73 мыңы көрші Ресейге кеткен. Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың сөзінше, биыл 20 мыңға жуық қазақстандық жас шетел асуы мүмкін. Басқа елдің оқу орындары ел жастарын түрлі жеңілдіктермен қызықтырып отыр. 

Рахман Алшанов, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:

Қазір Ресейде тұратын балалардың саны қазақстандық балалар 73 мыңнан асты. Негізгі жеңілдіктер емтихансыз қабылдайды. Төлемақысы төмен. Оның үстіне қазір Ресейдің бірталай оқу орындары өзінің бюджетпен берілетін орындар өсіп келе жатыр. Стипендия беріледі. Жатақхана беріледі. Біздің қазақстандық оқу орындары осыған байланысты өз жұмысын күшейту керек. Жаңа бағдарлама, шет тілін оқыту дегендей. Ізденісте болу керек.

Шығыс Қазақстан облысы бұл мәселені шешу үшін "Аймақ жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру» бағдарламасын қолға алып, биыл грант көлемін арттырған.

Нұргелді Әбжаппаров, Шығыс Қазақстан облыстық  білім басқармасының  жетекшісі:

Жергілікті әкімдіктің ұсынысымен облыс бюджетінен қосымша 200 грант бөлінді.  Осының арқасында шетел асып жатқан түлектер саны әжептеуір азайды. Мысалы, былтыр біздің өңірден 1800-ден аса бала шетелге кетсе, биыл олардың саны 890-ды құрап отыр. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Мамандық таңдауды мектеп қабырғасында жолға қою керек. Ал зауыттар сұранысқа сай грант бөліп, өзіне қажет мамандарды әзірлеуі тиіс. Осылай деген мамандар сонда ғана жастардың шетел асуына құлқы болмайтынын айтады.

Айгүл ЕРМАХАН, Заңғар САНАЙ