Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда газ бағасы 110 теңгеге жетті

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2021
  • 1285

Қызылжарда автогаз бағасы 110 теңгеге  жетті. Ол ол ма, қаладағы жанармай стансаларының көбінде көгілдір отын жоқ.  Бұған көлік  жүргізушілері наразы.  Жетіспеушілік неден туындады? Құзырлы органдар не дейді?  Өңірдегі тілшіміз Абзал Құрманкиннің бейнематериалы.

Өткен айда ғана көгілдір отын құны- 80,90 теңге болған. Лезде қымбаттап, 110 теңгеге жетті.  Кейбір жүргізушілер  енді амалсыздан, көлікті қойып, жаяу жүруге көшкен.  

Сергей ГЛУШКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен жақын маңайдағы ауылда тұрамын. Бір апта бұрын қалаға келгенде 90 теңгеден сатып алғанмын. Бұл жолы тағы қымбаттапты. Енді машинаны қоюға тура келеді.

Кеңес ИМАҚОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір газдың бағасын көріп отырсыздар. Қанша болды өзі? Күннен күнге өсіп, уже бағадан қателесіп отырмыз. Газ қымбаттағасын, азық-түлік, жолақы қымбаттайды. Ал зарплата баяғы қалпы тұр.

Газ операторлары бағаның шарықтап кетуін шикізаттың қымбаттығымен байланыстырады.   Энергетика министрлігі осыған дейін өнімді жергілікті компанияларға  43 теңгеден ұсынып келген. Ал қазір шикізаттың басым бөлігі электронды биржада аукцион арқылы сатылып жатыр. Осының кесірінен сұйытылған газдың бағасы шамамен үш есе көтерілген.

Бауыржан НҰҒМАНОВ, ГАЗ ТАРАТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Электронды биржада газдың бір литрі 112 теңгеге дейін қымбаттады. Біз сәйкесінше  118 теңгеден сатуымыз керек. Бірақ тұрғындарға тым қымбат болмау үшін 110-нан қойдық. Біз пайданы ұмытып, жұмысты тоқтатпау үшін осылай жұмыс істеуге мәжбүрміз. Ал кейбірі мүлдем қол сілтеп, газ стансаларын жауып тастады.

Петропавлдағы 17 газ стансасының төртеуі ғана өнімді шектеусіз сатып жатыр. Қалған операторлар  тұралап тұр. Энергетика басқармасы тапшылық мәселесін шешу үшін өткен айда құзырлы министрліктен   қосымша  3 мың тонна көгілдір отын  сұраған. Бірақ бұл да дефицит мәселесін шешпеген.

Ерлан ҚАЙЫРБЕКОВ, СҚО ТҮКШ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қыркүйек айында біздің өңірге газдың 1600 тоннасы тұрақты бағамен, ал 1500 тоннасы электронды биржа арқылы бөлінді. Бірақ бұл аздық етті. Қазір министрліктен қосымша 1500 тоннаға өтініш білдірдік. Жақын арада жеткізілуі тиіс.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Министрліктің жаңа жүйесі  газ операторларын біршама әбігерге салуда.  Ал әкімдік өкілдері газдың тапшылығы мен қымбаттауын күзгі дала жұмыстарымен байланыстырады. Бұл  -уақытша құбылыс дейді.  Айта кетейік,  Солтүстік Қазақстанда  тек газ емес, дизель отыны мен көмір  де тапшы.


А. Құрманкин