Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «Мамандықтар қаласы» ашылды

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2017
  • 3729

Болашақта қандай маман болу керек, қандай кадрлар сұранысқа ие? Жас астаналықтар бүгін осы сұрақ төңірегінде толғанды. «Мамандықтар қаласы» жобасының ұйымдастырушылары балалардың жанына жақын мамандық таңдауына көмектесті.  Іс шара қала әкімдігінің қолдауымен «Арай» саябағында өтіп отыр. Бір күн бойына алып интерактивті қалашық орнатылып, кіре берісте әр балаға арнайы паспорт берілді. Ол кім болатынын, және қандай қызметке орналасқысы келетінін айқындайды. 2 мен 18 жас аралығындағы астаналықтардың барлығы құтқарушылардан, шаштараздардан, мұғалімдер мен әскерилерден шеберлік шыңдау сағаттарынан өтті. Ұзын саны 100-ге жуық мамандық біріктірілген. Арнайы паспортты 20 мыңға жуық бала иемденді. Келген ата-аналары да балаларының алғашқы қадамын қуана тамашалап, еңбекке баулыған іс шараның пайдасы мол екенін айтты. Ұйымдастырушылар да өз кезегінде жобаның өскелең ұрпаққа берері мол екеніне сенімді.

Рыскүл Қалғабаева, «Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы:

Әрине, бұл бірінші орында балаларды еңбекке баулу мақсатында атқарылып отырған шара. Себебі ертең есейіп, мамандық таңдар кезде олар дәл осы бала кезінде қызыққан мамандықтарын есіне түсіріп, соған жетуге құлшынатын болады. Біз мұны барынша балалардың жанына жақын етіп, көңілінен шығуға тырыстық.

Балалар тек қана мамандық таңдап қана қоймай, кәдімгі жұмыс істеп, аталмыш қалашық ішінде алғашқы жалақыларын да алуға мүмкіндік алды. Бұл кез келген еңбек бағалануы тиіс дегенді көрсетеді, дейді ұйымдастырушылар. Балалар қаражатына арнайы дүкендегі тәтті тағамдар сатып алды. Жоба қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Ұйымдастырушылар келушілердің өмірдегі ең маңызды мамандығын таңдауына өз септігін тигізгендеріне сенімді.  Ұйымдастырушылар осы сынды іс шараны жиі өткізуді жоспарлап отыр.