Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы тойланды

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2017
  • 3855

Рухани жаңғыру. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы кеңінен тойланды. Қазақ халқының ғұлама үш биінің бірі болған Қазыбек Келдібекұлына ескерткіш ашылып, арнайы екі томдық кітап пен фотоальбом жарық көрді. Қоғам қайраткерінің мерейтойына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова бастаған саяси тұлғалар және зиялы қауым өкілдері қатысып, баба аруағына Құран бағыштады. Мемлекеттік хатшы қарағандылықтарға Елбасының құттықтау хатын оқып берді.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

«Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырып, соның арқасында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық жадымызды жаңғыртып жатырмыз. Бүгінгі мерейтой - соның айқын дәлелі. Баршамызды бабамыздың аруағы қолдасын. Нұрсұлтан Назарбаев».

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Ең бастысы, Қазыбек бидің мемлекет үшін жасаған еңбектері, оның құнды мұраларын насихаттау - елдігіміз үшін аса қажет. Бүгінгі мерейтой - бұл бір адамның еңбегі емес. Қаншама қарағандылықтар, қаншама меценаттар мен демеушілер ат салысты. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сол азаматтарға алғыс айтқым келеді.

Қазақ хандығының Орда биіне арналған той киіз үйлер ауылында өтті. Этноауылға 100 киіз үй тігіліп, барша халыққа ас берілді. Сондай-ақ, «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен «Бабаларға тағзым!» автокеруені жолға шықты. Керуен еліміздің  киелі жерлерін, көрші Өзбекстанның Ташкент, Науаи қалаларын аралап, 30 тамызда бес мың шақырымнан астам алыс жолды бағындырмақ. Бұдан тыс торқалы тойда аламан бәйге, топ бәйге, қазақша күрес секілді ұлттық ойындардан жарыс өткізіліп, жеңіл көліктер табысталды. Бағалы сыйлықтар жеке кәсіпкерлерден және тойға арнайы құрылған «Балқантау» қорына түскен қаражатқа алынған. Ал, Егіндібұлақ ауылында осы мерейтойға орай «Бәйтерек» стелласы ашылды. 12 метрлік, құны 20 млн теңгелік монументті осы өлкеден шыққан бизнесмен сыйлаған.