Русский Сайттың толық нұсқасы

Nur Otan-ның қоғамдық кеңестерінде 9 мыңнан аса мәселе қаралды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2021
  • 1256

Елордада «Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда атқарылған жұмыстар және жақында өткен ауыл әкімдері сайлауының аралық қорытындысы талқыланды. Партияның "Жол картасында" ел дамуының өзекті мәселелерін шешу үшін, биыл республика бойынша белсенді 1700 азаматты тарту көзделген. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрінің айтуынша, барлық өңірде жергілікті атқарушы органдар азаматтық белсенділердің деректер базасын жасақтаған. Қазір еліміз бойынша 249 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олар барлық мемлекеттік органдарда, облыс, қала мен аудан әкімдіктерінде құрылған.

Болат ТІЛЕПОВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Осы 5 жылда қоғамдық кеңестердің сараптамасынан 20 мыңнан астам нормативтік құжаттар өткен болса, соның әрбір 10-шысы немесе 2000-нан аса шешім кеңестер тарапынан өтпей, кейін қайтқан. Яғни азаматтардың мүддесіне тікелей әсер ететін бұл сапасыз құжаттардың кемшілігі дер кезінде анықталған.

Енді жыл сайын түрлі деңгейдегі 1500 мемлекеттік лауазым иесі қоғамдық кеңестер алдында есеп береді. Бұл 1000-даған шешімін таппай жүрген мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі. Сондай-ақ, Азаматтық қоғамды және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алаңында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауының аралық қорытындысы талқыланды.

Әлішер ӘБДІҚАДЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 
Сайлауға 2403 кандидат (бір орынға үш үміткерден) қатысып, 784 әкім сайланған. Кандидаттардың 60%-ы өзін-өзі ұсынса, 40%-ы саяси партиялардың атынан түскен. Сайланған әкімдердің тең жартысы – бұрын бұл қызметте болмаған жаңа тұлғалар.


Жиында «Nur Otan» партиясы басқа саяси партиялармен салыстырғанда кешенді жұмыс атқарғаны белгілі болды. Ауыл әкімдерін сайлау жүріп жатқанда да, өңірлердегі жұмыс қарқынын бәсеңдетпеген.  Және кеңес мүшелері науқанға, үміткерлерге қатысты барлық ақпаратты бүге-шүгесіне дейін нақты, уақтылы алып отыратын тиісті тетіктерді қарастырған.

А. Базарбай