Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда жас әйелдің өліміне себепші болған аттракцион есепке алынбаған

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2021
  • 1592

Қарағандыда жас әйелдің өмірін жалмаған қауіпті аттракционды жергілікті әкімдік есепке алмаған. Арада үш күн өтсе де не облыстық, не қалалық әкімдік экстремалды секіру қондырғысының техникалық жағдайын қандай орган қадағалайтынын, кім оларға рұқсат бергенін білмей отыр.  Бүгін Мәжіліс депутаттары  түк білмейтін шенеуніктерді жазалауды сұрады.  Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Айжан Қуаш тарқатады.

Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғыны Евгения Леонтьева Қарағандыдағы 9 қабатты Созвездие қонақүйінің шатырынан секірем деп жақындарының көзінше мерт болды. Марқұмның артында 3 баласы қалды.  Евгенияны қауіпсіздік ережесін сақтамастан биіктен секіртіп жіберген нұсқаушы қамауға алынды.   Бірақ    облыстық әкімдік те, қалалық әкімдік те оларға  тұрғындарды секіртуге кім рұқсат бергенін білмейді. Қондырғылардың  техникалық жағдайын кім қадағалайтынын да айта алмайды. Қауіпті аттракцион тіпті  есепке де алынбаған.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

ҚР ұлттық стандартына сәйкес иілгіш  элементтері бар мына аттракциондар:  катапульттар, иілгіш арқанмен биіктіктен секіру және т.б. белгіленген тәртіппен пайдалануға рұқсат алғанға дейін жергілікті атқарушы органдарда есепке қойылмайды.

Ал жергілікті прокуратура аттракциондар дәл осы облыс әкімдігінің құзыретінде екенін хабарлады.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

«ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» заңының 27- бабына сәйкес аттракциондар мен қондырғылардың қауіпсіз пайдаланылуын мемлекеттік қадағалау облыс әкімдігінің құзыретінде.

Өз беттерінше бизнес жасап алған экстрамалдар мәселесі бүгін мәжілісте көтерілді. Депутат Артур Платонов түк білмейтін шенеуніктерді жазалауды сұрап, Премьер – Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады. Аттракциондарды маусым алдында және жоспарлы тексеруді, есепке алуды талап етті.
 
Артур ПЛАТОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жергілікті атқарушы органдар аталған жабдықтарды орнатуға рұқсат бермегенін немесе басқа да түсініктемелерді айтып ақталып жатады. Ел бойынша қанша нысан есепке қойылмаған? Қаншасы тексерілді? Осындай нысандарда балалар мен ересектер қайғылы жағдайға тап болып жатыр, яғни бұл тұрғыда жауапкершілік жоқ. Заңды өрескел бұзған. Адамдың қазасы мен денсаулығы үшін кім жауап береді сонда? Барлық деңгейде жүйелі бақылауды қамтамасыз ету керек. Осы салада бақылауға жауап беретін шенеуніктер жазаға тартылсын.

Бұлар - экстремалдар емес, апаттан құтқарушылар. Олар ондаған метр биіктіктен адамдарды аман- есен жерге түсіріп алады. Мамандар арнайы мемлекеттік стандарттар мен техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтайды.

Алмас ҚАРСЫБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ ҚҰТҚАРУ БӨЛІМШЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Жұмыс басталғанда жаңағы арқанды қалай бекітілгенінін қауіпсіздік ережелері бойынша бәрін байлап шығу керек. Каскасы болу керек. Төменге түсу үшін алдымен астындағы құтқарушы  страховкада тұрса түсетін құтқарушы дайын ба деп сұрайды. Жаңағы дайын деген белгіні естігеннен кейін барып астыға түседі.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Біздің байқағанымыз қауіпті аттракциондардың жұмысын нақты ешкім қадағаламай келген. Салдарынан елде жыл сайын қайғылы оқиғалар болып жатады. Депутаттар да бүгін әр өңір бойынша аттракциондарды лицензиялау туралы мәліметтер жоқтығын алға тартты. Әкімдік айқындаған нақты лауазым иелері бұл ақпараттарды білуі тиіс.


А. Қуаш