Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда логистика нарығына арналған көрме өтіп жатыр

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2021
  • 1435

Алматыда «Көлік және Логистика» нарығына арналған көрме өтіп жатыр. Оған отандық көлік саласының мамандарынан бөлек, шетелдік 70-тен астам компанияның өкілдері қатысуда. Халықаралық көрме - Орталық Азия өңірінде бизнес бастап, жаңа өнімдерді шығаруа мүмкіндік бермек.  

Орта Азияның ең ірі көлік-логистикалық көрмесі - Атакент орталығының аумағында өтуде. Логистика нарығына арналған көрмеге Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Латвия, Литва, Ресей, Украина елдерінің 70-тен астам компаниясының өкілдері келген. Жоба аясында «Көлік және логистика нарығы» үшінші Халықаралық конференциясы басталды. Екі күн ішінде қатысушылар отандық көлік саласының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылайды. Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің дерегінше бұл көрме елдің транзиттік-көлік әлеуетін жақсартады.

Берік КАМАЛИЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
 
Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына 35 млрд АҚШ долларына жуық қаражат салынды. Жаңадан 2-жарым мың шақырым теміржол, 13 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңартылды. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен - 100 мың шақырымды құрайды. Теміржолдың ұзындығы - 21 мың шақырым.

Мамандар көрме арқылы контейнерлеу бағдарламасы мен көлік саласының технологияларымен танысады. Мұнда теміржол, теңіз және әуе көлігі, жүк тасымалдауға арналған жабдықтар таныстырылады. Вице-министр теміржол саласындағы оң өзгерістерді де жіпке тізді. Оның айтуынша, пандемия кезеңі көлік дәліздерінің әлеуметтік қажеттілігін, экономикалық тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеген. Сондай-ақ індетке қарамастан контейнерлік тасымалдар саны өскен.

Нұрлан САУРАНБАЕВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

2016 жылдан бері Қазақстан арқылы өтетін Қытай-Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымал 5 есе өсті. Пандемияға байланысты әуе және теңіз көлігінің жұмысында елеулі қиындықтар туды, нәтижесінде теңізде жүк тасымалдау  құнының өсуі теміржол тасымалына оның нарықтағы үлесін арттыруға қосымша серпін берді. Өткен жылдан бастап көптеген жүк жөнелтушілер контейнерлік пойыздармен жөнелтуге жаппай көшуді бастады. Биыл контейнерлік тасымал көлемін 1 миллион TEU -ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Көрмеде теміржол саласындағы цифрландыру мәселесі де айтылды. Отандық мамандар бұл орайда өздерінің белсенді екендерін көрсетті. Олар төмен көміртекті игерубойынша да жобалар әзірлеген.

Нұрлан САУРАНБАЕВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:


Теміржол саласы бір орнында тұрмайды, магистралды және маневрлі сутегі локомотивтері, газбен жүретін маневрлік тепловоздар жасалып жатыр. АҚШ-та аккумулятормен жұмыс істейтін әлемдегі бірінші жүк локомотиві құрыстырылды. Қазір ҚТЖ аккумулятормен жұмыс істейтін  екі локомотивті сатып алу туралы келіссөздер жүргізуде. Қолданыстағы маневрлік локаматив шамамен 150 000 доллар болатын жанармай жағып жатса, аккумулятормен жұмыс істейтін тепловоздар 20-30 000 долларға электр энергиясын тұтынады. Үнемдеу айына 120 мың долларды құрайды. Локомотив паркін біртіндеп жаңарту экологиялық қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған.


Жалпы «Көлік және Логистика» көрмесі мамандарға сенімді серіктес тауып, ұтымды шарттар жасасуға мүмкіндік береді.

Ә. Лесбек