Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда ескі үй тұрғындары үрей «құшағында» отыр

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2021
  • 2964

Павлодарда екі қабатты ескі үйдің тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, үйдің әбден тозығы жетіп, құлайын деп тұр.  Бойларын үрей  билеген жұрт  жергілікті билік өкілдерінен ғимаратты бұзуды талап етуде. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады. Баспана коммуналдық желіден  ажыратылған. Амалы таусылған тұрғындар арнамыздан араша сұрады.

Өткен ғасырдың 50 жылдары уақытша деп салынған үйлердің әбден тозығы жеткен. Саз балшығы түсіп,  іргетас үгітіліп,  алқам-салқам күйге түскен.    

Ескі ағаш үйде қазір 8 отбасы тұрады. Пәтерлердегі көрініс тіпті қорқынышты.  Тұрғындар басқа барар жері болмаған  соң амалсыздан осында тұрып жатырмыз дейді.  

Ольга ГРИШИНА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Төбе құлап жатыр. Жабындылары үгітіліп қалды. Қай күні басымызға құлап кетеді екен - деген қауіппен жүрміз.  Бірінші қабат болса, сасып жатыр. Жағдайымыз өте қиын болып тұр.  

Бұзылады - деген желеумен үйдің кәріз құбырын да желіден ажыратып тастаған. Сасық иістен демалу мүмкін емес дейді тұрғындар.

Елена СМИРНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біздің үй 2019 жылы бұзылуы керек болған. Маңайымыздағы үйлердің бәрін бұзды. Біз жапан далада жалғыз қалдық. Қасымыздағыларды бұзған кезде бізді кәріз желісінен ажыратып кетті. Бізге сәл шыдай тұрыңдар, пәтер береміз - деген.   2 жыл өтті. Қаншама үй салынып жатыр.  Пәтер жоқ.

Әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар. Қаладағы ескі үйлер кезең-кезеңмен бұзылатынын айтады.  Бұл баспана бірақ  биылғы жоспарға енбей қалған. Ал кәріз желісінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті көмек көрсетілді дейді.  

Жансерік ҚАПЗОЛЛА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:


Циолковский көшесі 19/1 мекен жайы бойынша орналасқан үйді бұзу жұмыстары 2022 жылдың жоспарында тұр. Бұған дейін аталған үйдің тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, тұрғындар ағымдағы жылы өз үйлерінде қалу туралы шешім қабылдаған болатын.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


«Сарыарқа» шағын ауданында екі қабатты ескі 19 үй қалған.  Оның барлығы келесі жылы толығымен бұзылады - деп жоспарланып отыр. Ал оған дейін бұл үйлердің құлап кетпесіне ешкім кепілдік бермеді.



Ө. Қуанар