Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысында жыл соңына дейін 500 бала тегін емделеді

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2021
  • 1785

Елбасының бастамасымен қолға алынған  жобалардың бірі-«Қамқорлық». Инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған бұл игі бағдарлама  Тобыл өңірінде қалай жүзеге асып жатыр? Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева Рудныйдағы оңалту орталығының жұмысымен танысты. Емделуге мұқтаж балалардың ата-аналарымен тілдесті.

Сәния мен Жәния туа бітті сал ауруына шалдыққан. Оңалту орталығына келгелі егіздердің денсаулығы едәуір жақсарып, алғашқы қадам жасай бастады дейді анасы.  Ерекше қажеттілігі бар  балаларға ерекше қамқорлық көрсеткен  Елбасыға шексіз алғыс айтады.

Жұлдыз АЙДАРХАНОВА, АТА-АНА:

Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қорына  шексіз алғысымызды білдіреміз. Барлық қазақстандықтарға, ата-аналар мен  балаларға жасап жатқан қамқорлығы үшін көп рахмет.Бұл орталықта  дефектолог, еңбек терапевтері, нұсқаушылар және одан басқа да түрлі маман көп.


Елбасының  бастамасы  негізінде былтыр елімізде 8 оңалту орталығы,16 инклюзивті қолдау кабинеті ашылған. Рудный қалалық балалар ауруханасындағы орталықта осы уақытқа дейін   340 бала ем алған. Соның 50-і қаз тұрып, тағы қырық бүлдіршіннің тілі шығып былдырлап сөйлей бастаған. Жыл соңына дейін тағы 8 өңірлік оңалту және 6 ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр. 8 000 бала тегін ем алады.

Дариға НАЗАРБАЕВА, Н.НАЗАРБАЕВ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:


Осы орталықтардың барлығы Елбасының арқасында  ашылып отыр. Біздің команданың мақсаты Нұрсұлтан Әбішұлының сұңғыла идеясы негізінде  іргесі қаланып, жүзеге асып жатқан  осы орталықтардың жұмысын көзбен көріп қайту еді.


Қор директоры жұмыс сапары аясында  «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығындағы Qabilet -ке барды. «Мың бала» ұлттық олимпиада жеңімпаздарымен, «Елбасы Медалі» бағдарламасының қатысушыларымен кездесті. Айта кетейік, бұл игі жобалар да - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасының бір тармағы.  Қостанай облысы бойынша 329 оқушы  қола медаль иеленді.   38 түлек мемлекеттік гран  иегері атанған.  Оның 44% -ауыл мектептерінің түлегі.

Ратбек ҚАЗМАН, "ЕЛБАСЫ МЕДАЛІ" ЖОБАСЫНЫҢ ТӘЛІМГЕРІ:
 
"Елбасы медалі" жобасы- бұл жастарға арналған ауқымды жобалардың бірі. Жастарды жан-жақты болуға, білімді болуға бағыттайтын ең елеулі, ең асқақ жобалардың бірі десем артық айтқаным емес.


Ясмин БАҚЫТЖАНОВА, "ЕЛБАСЫ МЕДАЛІ"  ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Оқушылар қазір немен айналысқысы келетінін толығымен білмейді.А л жаңа бағыт бойынша өзін сынап көргенде келекшекте өзінің жүретін  жолын білетін болады.

Дариға Назарбаева балалар мен талантты жастарды қолдауға бағытталған  «Qabilet қызметі» жобасының нәтижелерімен танысты. Игі бастама  бірінші кезеңінде 50 мыңға жуық оқушыны қабылдау межеленген. Қазірдің өзінде   бір мың алты жүзге жуық  шәкірт сынақ тапсырып, қабілетін байқаған.

З. Санай