Ақмола облысының Аршалы ауылында 49 жастағы азамат өзін-өзі өртеп жіберген. Бұл жантүршігерлік оқиға елдімекен тұрғындарын дүр сілкіндірді. Бірақ, оның мұндай әрекетке неге барғанын ешкім білмейді. Аршалыға барып, марқұмның туыстарымен, көршілерімен тілдескен тілшіміз Әсел Дүкембаеваның репортажы.
Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:
Оқиға күні кеше дәл осы үйде болған. Қаза тапқан азаматтың тек әкесі бар көрінеді. Марқұмды туыстары мен көрші-қолаң соңғы сапарға шығарып салған. Бірақ оның бұл әрекетке не үшін барғанын ешкім айта алмайды. Оғаш мінезін, ыңғайсыз тірлігін ешкім байқамаған.
Марқұмның қарындасы не болғанын, қалай болғанын түсіне алар емес. Сол күні түсте көлігін жуды, үйін жинап, жап-жақсы -ақ боп жүрген. Өзін өлімге қиятындай ештеңе болған жоқ дейді.
МАРҚҰМНЫҢ ҚАРЫНДАСЫ:
Мен жұмысқа кетіп едім. Қайғылы жағдайды жұмыс берушім жеткізді. Әкеміз ауруханада жатқан. Әлі түсім сияқты. Мен келгенде күлдің қалдығы ғана қалған, бірақ ағамның денесін танып білдім.
Марқұмның өз отбасы болмаған. Жолдасынан 5 жыл бұрын ажырасып кеткен. Жақыны-әкесі мен ауылда тұратын осы қарындасы ғана. Ол ағасын жүзі жарқын, қамқор, ерекше мейірімді ед деп еске алды. Ешкімге зияны жоқ, өзімен-өзі жүретін дейді.
МАРҚҰМНЫҢ ҚАРЫНДАСЫ:
Ол мен үшін ең қамқор, ең керемет аға болып қалады. Мен оны қатты сағынатын боламын. Не үшін бұлай істегенін әлі де түсіне алар емеспін.
Марқұмның өртеніп жатқанын көршісі көріпті. Бірақ аман алып қала алмаған. Содан қатты шошынып қалған ол әлі өз-өзіне келмей жатқан көрінеді. Полицияға хабарласып, хабар беріп қана үлгеріпті.
Гүлнар ПИНЧУК, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Өзін-өзі өлтіруге жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның барысында өзін-өзі қол жұмсаудың себебі анықталатын болады. Оқиға орнында өлім алды хаты болған жоқ.
Марқұмды туыстары мен көршілері ақтық сапарға шығарып салған. Ал ойламаған сәтте ұлынан айрылған әкесі есеңгіреп, әлі есін жия алмай жүр.
Ә. Дүкембаева