Русский Сайттың толық нұсқасы

Өлімнен аман қалған кәсіпкер Олжас Мұқажанов өз өмірі үшін араша сұрады

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2021
  • 1808

Осыдан 7 жыл бұрын өлімнен аман қалған кәсіпкер Олжас Мұқажанов, бүгін БАҚ өкілдерін жинап өз өмірі үшін алаңдайтынын мәлімдеді. Бизнесменге Елорданың қақ ортасында тапаншадан оқ атып, сотталғандардың ісі Жоғарғы сотта қайта қаралып жатыр. Аса ауыр істі қайта қарау туралы өтінішті айыпты тараптың адвокаттары түсірген. Іс бойынша кінәлі деп танылған Садыров, Ибишев, Даутов жазаларын жеңілдетуді сұраған.

Жанна МҰҚАШЕВА, ҚОРҒАУШЫ:

Сотталғандардың қасақана адам өлтірді деп айыптау негізсіз. Олардың бұл әрекетін бұзақылық бабымен қарауыңызды сұраймыз. Жігіттер онсыз да алты жылын яғни 28 мың күнін темірторда өткізді.


Ал қастандыққа тапсырыс беруші Ерлан Анарбек әлі халықаралық іздеуде жүр. Жеті жылдан бері құзырлылар оны таба алар емес. Еске салсақ, кәсіпкер Олжас Мұқажановқа қастандық 2014-ші жылы  болды. Сауда кешенінен шыққанда белгісіз біреулер оқ жаудырған болатын. Денесі мен басынан ауыр  жарақат алған кәсіпкер, кәсібі мен денсаулығынан және отбасынан айрылғанын айтты. Қазір бір жылдың 6 айын ем қабылдауға жұмсаймын дейді.

Олжас МҰҚАЖАНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

«Қасақана адам өлтіруге оқталу» бабымен  қаралған істі «Бұзақылық» бабына өзгертетін болса, кінәлілер мерзімінен босап шығуы мүмкін. Тіпті жазадан сытылып кете ме деп қорқамын. Әсіресе мені өлтіруге тапсырыс берген Ерлан Анарбек алаңсыз елге оралып, қайтадан соңыма түспесіне кім кепіл.

Ә. Лесбек