Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақсулықтар тағы да сүт фермасынан шыққан жағымсыз иіске шағымданып бас көтерді

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2021
  • 1887

Павлодар облысының Ақсу қаласында тұрғындар тағы да сүт фермасынан шыққан жағымсыз иіске шағымданып бас көтерді. Бұл жолы олар жергілікті биліктің бейқамдығын айтып, ел Президенті мен Жоғары сот төрағасынан көмек сұрады. Жергілікті халық жылдар бойы сүт фермасынан шыққан тезек иісімен демалып келеді. Бұған дейін де осы мәселені көрсеткен болатынбыз. Ол кезде қала билігі сүт фермасының заңсыз салынғанын айтқан еді. Алайда, сот әкімдіктің арызын қанағаттандырмай тастады. Дауға айналған мәселенің жай-жапсарын тілшіміз біліп келді.

Ашулы халық өздерін сабырға шақыруға келген шенділерге дүрсе қоя берді. Жылдар бойы қолқаны қапқан иіспен күресіп келген тұрғындардың шыдамы таусылған сыңайлы. Сүт фермасынан көшіруды талап еткенмен, одан еш нәтиже шықпаған. Жергілікті атқамінерлер құрғақ уәдеге тойдырғандарын айтады.

Рауза НҰРКИНА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза сізден осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз. Халық үніне құлақ асатын басшылар біздің жан-айқаймызды естімей жатыр. Бізде зауыттардан шыққан  түтін аз болғандай енді сүт фермасының иісі қосылды. Бұндай сасық иісте өмір сүру мүмкін емес. Не баламызды далаға шығара алмаймыз. Не есік терезені аша алмаймыз.  Бұл ферманы басқа жаққа көшіруді талап етеміз.

Тұрғындар шаруа қожалығының санитарлық талапты өрескел бұзғанын анықтапты. Сүт фермасы қаланың дәл іргесіне салынған. Алайда, жергілікті билік оған көз жұма қарап отыр – деп айыптайды.

Галина СМАКТИНА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жазда сасық иіске шыдау мүмкін емес. Әсіресе, жел қалаға қарай соққанда иіс тіптен мүңкіп кетеді. Сондықтан, жел бізге қарай соқпаса екен деп тілейміз. Қала шетіне мал қорасын салуға кім рұқсат еткенін түсінбейміз. Бұл деген халықты улау ғой.

Серік МАҚШАРОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мында мыңнан астам мал бар. Чиста экологической болып болу керек. Ондай негізі жоқ. Мына біреу Камзина 4,10,8 вообще тұншығып жатыр. Мына жердегі Камзина 5-тегі үйлерде тұншығып отыр.

Иістен мезі болған тұрғындар далаға шығудан қалдық – дейді. Қолқаны қабатын жағымсыз иістен ауру боламыз ба – деп қорқады.  

Елена КРИПЦОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Соңғы уақытта сасық иісті кетіру үшін химиялық қоспалар қоса бастады. Жағымсыз иістен кейде демала алмай қалам. Өзімнің демікпе ауруым бар. Сондықтан, үнемі осындай дәрілерімді өзіммен бірге алып жүрем. Басқа амал жоқ.  Сасық иіске шыдай алимаймын.


Татьяна КАЙДАЛОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біз қазір  сүт фермасының аумағында тұрмыз. Мұндағы иіс тіпті өткір. Осы иіс түгел қаланы ластап жатыр. Бүгін жел басқа жаққа соғып, қалаға жетпей тұр. Сондықтан, бұған бір шара қолдануын сұраймыз.

Шенділер бұл іске араласа алмайтындарын айтып, бастарын ала қашты. Айтуларынша, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғандықтан, ештеңе жасай алмаймыз – деп қол қусырып отыр.

Ерқанат СМАНҚҰЛОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

7-қазанда қала әкімінің, сүт фермасының өкілдері, басқа да құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен осы мәселені талқыладық. Өкінішке қарай фермаға тексеру жүргізу үшін арнайы рұқсат керек. Бұл мәселе республикалық деңгейде шешілетіндіктен, министрліктің рұқсатын күтіп отырмыз.  Рұқсат келсе, тексеру жүргізетін боламыз.

Ал сүт фермасының қожайыны халықтың сөзін жоққа шығарды. Барлығын заң аясында жасап жатырмын – деп ақталды. Иіс шығармау үшін заманауи қондырғыларды қолданатындығын жеткізді.
 
Дидар БЕЙСЕНБАЕВ, «КРОН-АГРО» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Менде мына асфальтная дорожка бар щеткамен сыпырылады күні бойы. Қыста қар тазаланады.  Бар жұмыстарды істеп жатырмыз. Барлық навоз навоздың проходқа жайылады. Навоз проход дельта скреппермен түгел қырылып, автоматический режиммен 2 сағат сайын тазаланып отырады. Препаратты біз ішіне жаямыз. Иіс шығармау үшін.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Жергілікті шенділерден көңілі қалған бұқара ел Президенті мен Жоғары соттың төрағасынан хат жазып, қол жинап жатыр.  Одан нәтиже болмаса, Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесіне жүгінуге бел буып отыр.

Ө. Қуанар