Русский Сайттың толық нұсқасы

Әкім әйелінің электронды цифрлық қолтаңбасын жасатқаны үшін қызметтен кетті

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2021
  • 2098

Павлодар облысында ажырасып кеткен әйелінің атына электронды цифрлық қолтаңба аштырып алған шенеунік жұмысынан кетті. Ақсу қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Абулхалықов бұрынғы әйелінің рұқсатынсыз оның жеке мәліметтерін пайдаланған. Әйеліне СМС хабарлама келген соң ғана, ол шу көтерген. Алайда, өзімен бірге тұрмайтын адамның атына не үшін ЭЦҚ аштырғаны белгісіз. Белгілісі, Мұрат Абулхалықов Ақсу қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысына әйелінің баламен үйде отырғандығын айтып алдаған. Осылайша оны бөтен адамға цифрлы қолтаңба аштыруға көндірген. Бұл іске қала әкімдігінің аппарат басшысы Руслан Мұқанов да араласқан. Үш бірдей шендінің тәртібін қараған аймақтың әдеп жөніндегі кеңесі Ақсу қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысын жұмыстан босатты. Ал Ақсу қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Абулхалықов өз еркімен қызметінен кетті.

Руслан ИМАНҚҰЛОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕР АГЕНТТІГІ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
 
ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментімен Ақсу қаласы әкімі аппаратының басшысы Мұқановқа қатысты қызметтік тергеп тексеру жүргізілді. Қызметтік тергеп тексеру қорытындысы бойынша әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысына шығарылып, әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен Ақсу қаласы әкімінің аппарат басшысы Мұқановқа ескерту түріндегі тәртіптік жаза енгізу туралы ұсыныс енгізілді.


Ө. Қуанар