Балабақшасы жоқ ауыл. Түркістан облысында бүтін бір ауылдың бүлдіршіндері бақшаға бара алмай отыр. Отырар ауданы Ақтөбе ауылының балғындары, он айдан бері үйге қамалса, ал онда жұмыс істеп келгендер жалақысыз қалды. Ауылдағы мектепке дейінгі мекеме 10 ай бұрын өртеніп кеткен. Бастапқыда жүз пайыз жалақы сақталады деп уәде берілгенмен, соңы сиырқұйымшақтанып барады дейді арнамызға шағым айтқандар.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Биылғы қаңтарда отқа оранған Ақтөбе ауылындағы балабақшаның жарты бөлігінде түк қалмаған. Ғимараттың шатыры түгел жанып кеткен. Қазір көріп тұрғанымыздай тек қабырғалары ғана қалбиып тұр. Мектепке дейінгі мекемедегілердің білуінше, нысан жөндеуге келмейді.
Балабақша өртенгенмен сонда жұмыс істеген отыз қызметкерге әу баста жалақыларың сақталады деп уәде етіліпті. Бірақ алғашқы үш ай ғана толық төленген. Көп ұзамай жұмыссыз ретінде барлығына 42 500 теңгеден тағайындалған. Қолдарына тиетін 37 мыңды нан-пұлға жаратқанымызға шүкіршілік етіп жүргенбіз дейді ашулы халық. Енді соның өзін осы айдан бастап мүлдем тоқтатып тастапты.
Гүлнәр ЕСЕНБЕКОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Қыркүйек айында кеп біздің минимальный ең төменгі жалақы 37 мыңымызды тоқтатып, сол тоқтататынды айту үшін бізге балабақша салынайын деп жатыр деп айтты бізге. Біз балабақша салынатын болса оғанда көнеміз дедік үш ай ақысыз отырғанға көндік біз. Бірақ біздің ол жиналысты жасағанына да екі айдың жүзі болды, бірақ балабақша бастаған жоқ.
Атқамінерлер «жаңа балақабақша салып береміз» деген сырғытпа жауаппен шығарып салады дейді. Қыркүйекке дейін мәселе шешіледі дегенмен әлі сең қозғалар емес деп отыр ауылдықтар.
Райхан ӨТЕПОВА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:
Қыс келе жатыр. Жылы киім керек, отын суымыз бар, біз не істейміз? Біздің кінәміз не бұл жерде? Бізге неге көмектеспейді. Біз ауылдың әкіміне неше рет айттық. Білім бөліміне де бардық. Аудан әкіміне де бардық.
Ақтөбе ауылында екі мыңдай тұрғын бар. Өркениеттің белгісі мұнда мектеп пен балабақша ғана. Қаңтардан бері кішкентайлар да үйге қамалған. Бақшаның жоқтығы немере баққан әжелерге де оңайға соқпай тұрған секілді.
Гүлжахан ЖАППАСБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Келін жұмысқа кетеді. Жұмысқа кеткеннен кейін соның балаларын біз тәрбиелейміз үйде отырғаннан кейін. Кейде пендеміз ғой, ұмытып бірнәрсеге алданып кетсек бала көшеге шығып кетеді. Шешесі дереу звондайды ана бала көшеде жүр деп. Сол сөз маған жақсы ма?! Жүгіріп далаға шығам, баланы үйге әкелем. Ал садик болса садикте жүрер еді.
Ал облыстың білім саласына жауаптылар жауапты ауданға сілтеді. Аудандық өкіл қолының қысқалығын айтып жыларман күй танытты. Инвестор жоқ. Сөзіне сенсек өртеніп кеткен нысанды жөндеуге болатын сияқты. Тек неліктен он айдан бері іс бітпеді деген сауалға берген жауабы мынау болды.
Жанат МҰСАТАЕВА, ОТЫРАР АУДАНДЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қаржы жоқ болса мен қай жақтан аламын?! Не істейм мен, қолымнан не келеді, менің құзырымдағы нәрсе емес ол. Ол жауапты бірнеше рет айтқанбыз оларға. –не деп? -..айына..Ой, не буду я ничего говарить.
Бөлім басшысы онсыз да аз ақшаның тоқтатылуын қаржының жоқтығымен байланыстырды. Алдағы айлармен қосып төлейміз деп сендіріп отыр. Ал қаңтардан бері не бақшасыз, не жұмысыз жүргендер тым болмаса ескі ғимараттың өрттен бүтін қалған бөлігін жөндеп берсе болар еді дейді.
А. Төребекқызы