Русский Сайттың толық нұсқасы

«Балаларға ата-анасының рұқсатынсыз екпе салды»: Елордадағы мектептердің бірінде шу шықты

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2021
  • 1886

Екпе алған бала талып қалды. Әлеуметтік желілерде Елорда мектептерінің бірінде ата-аналардың бас тартуына қарамастан балаларға жасырын екпе салды деген ақпарат тарауда. Автордың айтуынша, оқушылардың біріне дәретханада вакцина салынған.  Бала содан кейін талып қалған көрінеді. Бұл қаншалықты рас? Мектеп басшылығы бұған не дейді? Тілшіміз Ақбота Базарбай айтады.
 
Желіде  бас қаладағы мектептердің бірінде оқушыға екпе салып жатқаны, ал мұғалімдер мен дәрігерлер бейнетүсірілімге кедергі келтірген видео пайда болды.  Бейнежазба авторы   білім мекемесінің спорт залына баса көктеп кіреді.

Оның қасында дәрігер де болған  көрінеді.  Видео авторының айтуынша, мектеп медбикелері оларды тоқтатып, балаға қарай  жібермеген.  

Мектеп басшысының айтуынша, білім ордасына белгісіз үш әйел келіп, директормен кездесуді сұраған.  Үшеуі де бастапқыда өздерін оқушылардың анасымыз деп таныстырыпты.  Сондай-ақ олар әлеуметтік желідегі парақшаларында «үшінші сынып оқушысына дәретханада укол салды» деген жалған ақпарат таратқан.  

Самал НҰҒМАНОВА, І.ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ №58 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ешқандай "Ашық" арқылы кірмей, без маска, конституцияда ондай заң жазылмаған деп үлкен дау-дамай туғызып, ешкімді тыңдамай, талаптарды орындамай мектепке баса көктеп кіріп, тікелей түсірілім жүргізе бастаған. Бұл бойынша біз Нұр-Сұлтан қаласы департаментінің полиция бөліміне өтініш түсірдік. Іс әрі қарай құзырлы органдарда қаралатын болады.

Ал бейнежазбадағы бала - 9-сыныптың оқушысы. Дәлізде талықсып тұрған оған алғашқы көмек көрсетілген.  Баланың ата-анасының айтуынша, таңнан бері нәр татпағандықтан көзі қарауытып, бала әлсіреп қалған. Қазір жағдайы жақсы, сабағына барып жүр дейді.

Марат СЫЗДЫҚОВ, БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:

Мына 5-поликлиникаға барып анализ тапсырдық. Баланың жағдайы бәрі жақсы. Ештеңесі жоқ. Ешқандай екпе салынған жоқ. Денесін өзім тексердім.


Мұғалімдердің айтуынша,  бала өзін видеоға түсірмеуді сұраған. Бірақ мектепке ентелеп кіргендер оқушының бұл өтінішін елеген жоқ дейді. Ал екпе  салынатын жағдайда міндетті түрде ата-анасының немесе ресми өкілдерінің рұқсаты  алынады.

А. Базарбай