Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда жауыздықпен адам өлтірген күзетшілер 17 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2021
  • 2167

Оралда жауыздықпен адам өлтірген күзет агенттігінің қызметкерлері 17 жылға сотталды. Сот материалдарынан мәлім болғандай, олар жаңажылдық кештен шыққан Қуаныш Ахметовты айықтырғышқа апарған. Ішке кіргісі келмеген жігітті аяусыз соққыға жыққан. Олардан қашып құтылу үшін темір қоршаудан секіріп өтпек болған   азаматты  қуып жетіп, төменге түсіруге тырысады. Сол кезде Қуаныштың қолтығын қаңылтыр қоршау кесіп кеткен. Бірақ күзетшілер жігіттің ауыр жараланып, қансырағанына қарамастан, ұрып-соғуды жалғастырады. Есінен танған жәбірленуші сол жерде жан тапсырған. Алайда сотталған күзетшілердің туыстары сот үкімімен келіспеді. Олар жас жігіттердің 17-18 жылға сотталуы тым ауыр жаза деп, сот залында шу шығарды.

Мәншүк ХАЙМУШЕВА, СОТТАЛУШЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Мен келіспеймін, мені қазір соттасаң да! Тем более ол бала бір бүйрегін берді бір қызға. Неге кісі өлтіретін болса неге бүйрегін береді? Мына бала деген сотталған жоқ, неге соны ескермедіңіз сіздер?

Ермекқали ҚҰРМАНҒАЛИЕВ СОТТАЛУШЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Прокурор неге ойламайды? Тек соттата салу керек пе? Бұрын сотталмаған балалар, жұмыс бабында жүр. Ол адамға тиіскен. Ол мас болып келген. Соларды неге ойламайсыңдар?

Сот барысында  күзет агенттігінің қызметкерлері жұмыс кезінде мас болғандарын да мойындапты. Енді олар марқұмның туыстарына 15 миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Ал жәбірленуші тарап кінәлілердің өмір бойына бас бостандығынан айрылуын талап етіп отыр.

Шара ЗАЙНУЛЛИНА, БҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Қонысқали толық мойындады. Тынышталсын деп бір-екі шапалақпен жәбірленушінің бетінен ұрғанын мойындады. Шын жүректен өкінді. Сотталған Адилов пен Кафизов өздеріне тағылған айыпты толық мойындаған жоқ, ақтау үкімін сұрады.

Е. Карин