Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл-Торғай төрінде ақындар айтысы өтті

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2021
  • 2192

«Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың». Қостанай төрінде осындай ұранмен республикалық ақындар айтысы мәреге жетті. Дүлділдер додасы егемендігіміздің 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арнайы ұйымдастырылған. Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараны «Nur Otan» партиясы қолдады. Дүбірлі сайысқа 14 ақын қатысты. Екі күнге ұласқан сөз сайысында,  айтыскерлер көрермен күткен келелі сөз, кестелі ойды өлеңмен өрді.

Айтыстың алғашқы күні жеті жұп жыр кестеледі. Ақтық айналымға алты ақын суырылып шықты. Дүбірлі додада бақ сынаған дүлдүлдер қос тақырыпқа терең сүңгіп, Қостанай төрін жырға бөледі. Мұны көзі қарақты көрерменде аңғарған.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ, АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ:


Тақырып жақсы ашылып жатыр. Әсіресе менің көңілімнен шыққаны мынау ақындардың Қостанайда бұрын  соңды байқалмаған бір зерттеулері. Рудныйдың темірін, Қостанайдың астығын өлеңге қосып сонымен бір тың теңеулер тауып рухымызды асқақтатып жатыр.

Айтысты ақын Жүрсін Ерман жүргізді. Ал Әсия Беркенова, Серікбай Оспан, Ақылбек Шаяхмет, Алмас Алматов, Бауыржан Халиолла сынды танымал тұлғалар, шешен сөздің шеберлеріне қазылық жасады.

Бибігүл АҚҚОЖИНА,  «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Былтыр «Nur Otan» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің осында келіп, іс-сапармен болғандағы тапсырмасы. Осы айтыс сол кісінің тікелей тапсырмасымен өткізіліп отыр.


Астықты өлке төсіндегі айтысқа «Алтын домбыра» иегерлері Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина,  Рүстем Қайыртай сынды от ауызды, орақ тілді ақтаңгерлер де қатысып, төл өнердің абыройын асқақтатты.

Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, «АЛТЫН ДОМБЫРА» ИЕГЕРІ:


Тәуелсіздіктің 30 жыл аясындағы, Ыбырай атамыздың 180 жылдығына арналған айтыстың деңгейі өзімінің сұрыптауымша, ойлауымша өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ақындардың дайындығы. Оның үстіне Ыбырай деген оң жамбасқа келетін тақырып. Ыбырайға қазақтың білімі де, келешегі де , ертеңі де болашағы да сиятын тақырып.


Қазылар шешімімен 3-ші орынға Салтанат Өтелбаева мен Нұрмат Мансұров ие болды. 2-ші орын Батырлан Сағынтаев пен Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Қос ақын 1 миллион теңгеден қанжығалады. Ал бірінші орынды жеңіп алған Рүстем Қайыртай 2 миллион теңге еншіледі. Бас жүлде - Шұғайып Сезімханға берілді.

Жеңімпаз жергілікті зауытта құрастырылған көлікті  тақымға басты. Қалған ақындар да жүлдесіз қайтқан жоқ. Оларға облыс әкімдігінің арнаулы сыйлықтары берілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының арнайы сыйлығы қызылордалық ақынға табысталды.

З. Санай