Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысына тасымалданатын сұйытылған газ көлемі ұлғайтылады

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2017
  • 3180

Ақтөбеде газ тапшылығы жойылар емес. Газ құю бекеттерінің көбі уақытша жұмыс істемей тұр. Айдың басында өңірге 7 мың 700 тонна газ жеткізілген. Бірақ оның өзі таусылуға жақын. Сондықтан қыркүйек айынан бастап өңірге әкелінетін сұйық отын көлемі 500 тоннаға артпақ.

Нұрлан Қыдырбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Міне, тұр таксистер. Газ жоқ. Құдайдың, Қазақстанның газын  тегін бермей ме! 41 теңге еді, 51 теңге, 50 теңге, 49 теңге болды. Ладно, болса болсын, ол да жоқ.

Қазір қаладағы газ құю бекеттерінің көбі жұмыс істемей тұр. Себебі, сұйық отын жоқ. Мамандар оның басты себебін газға көшкен автокөлік санынын артуымен байланыстырады. Сондай-ақ газ өңдеу зауытының бір аптаға жөндеуге жабылуы да жығылғанға жұдырық болған.

Алтынай Мұханова, Ақтөбе облысының газ тасымалдаушы компаниялар қауымдастығының төрайымы:

Көлігіне газ қондырған жүргізушілер жол полициясына келіп тіркелуі керек. Себебі, біз жоспар бекітерде олардың нақты санына қараймыз. Мұндай көліктердің үштен бірі тіркелмегендіктен нақты жоспар жасай алмаймыз.

Ресми дерекке сай, әлеуметтік газ облысқа 34 мың көлікке есептеліп бөлінеді. Ал, шындығында газбен жүретін көлік саны одан да көп. Осылай деген газ орнататын нысан қожайыны мұнда аптасына шамамен 3-4 көлік келетінін айтты. 

Нұрлан  Кұрбанов, газ қондырғысын орнататын компания директоры:

«Біз газ орнатқанда адамдарға оны жол полициясына тіркету қажет екенін ескертеміз. Себебі, бұл статистикалық мәлімет жинақтауға өте қажет. Сол арқылы өңірге бөлінетін газ көлемі артады».

Ақтөбеден шығатын газ қазір Ақтауға да жөнелтіліп жатыр. Ал, ақтаулық көлік жүргізушілері газдың сапасына көңілдері толмайтынын айтады. Жағымсыз иіс шығатын көрінеді. Бүгін бекеттердің көбі Ақтауда да бос тұр. Ал, әкімдіктегілер Ақтөбеден келетін сұйық отын өңірдегі газ мәселесін шешеді деп отыр. Газ өңдеу зауытынан шығатын 14 мың тонна өнім жеткіліксіз. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Ақтөбе газы сапасы жағынан жергілікті газдан кем емес.

Бекқали Жұбанов, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:

Энергетика министрлігінен бізге қосымша 2 мың тонна бөлінді. Облыс әкімі арқылы тағы мың тонна бөлуді сұрап, министрлікке ресми хат жібердік. Алдағы уақытта қор болуы үшін осы жұмысты жалғастыра береміз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал Ақтөбеде мәселені шешу үшін, айдың соңына дейін тағы 4 780 тонна газ әкелінеді. Қыркүйектен бастап өңірге бөлінетін  сұйытылған газ көлемі 500 тоннаға артатын болады. Ал, жергілікті полиция қызметі газ қондырығысын тіркемеген автөліктерді тексеруді бастап кетті.

Жақсыбек КЕМАЛ