Солтүстік Қазақстан облысында
“Questra World” компаниясы филиалының жұмысы тоқтатылды. Оның менеджерлері
қаржы пирамидасына қатысы бар деген күдікке ілігіп отыр. Облыстық ІІД
мамандарының сөзінше, олар азаматтарға шетелдік есеп-шот ашуға ұсыныс жасаған.
Салған қаржыға байланысты карта қожайынына 17 пайызбен 26 пайыз аралығында
түсім түсіп отырған. Табысын арттыру үшін салымшы пирамидалық әдіспен басқа
адамдарды да тартуы керек болған. Ал, келісімшарт негізінде менеджерлер салымшы
ақшасының 50 пайызын кез-келген уақытта шешіп алуына жағдай жасаған. Алайда,
мамыр айынан бері есептер бұғатталып, қазір 50-ге жуық солтүстік қазақстандық
азамат ақшасын ала алмай жүр.
Естеріңізге сала кетейін, “Questra World”
компаниясы күдікке алғаш ілігіп отырған жоқ. Бұған дейін компания филиалы
жұмысы басқа қалаларда да тоқтатылған болатын.
Әсет
Жүкенов, СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы:
Ұйым қызметі жеке тұлғалардан кәсіпкерлік бағытта емес, жеке пайда бойынша ақша тарту ісімен айналысқан. Сондай-ақ, тұрғындардың салған салымының арқасында пайда көрген. Бұл қаржы пирамидасының жұмысына қатты ұқсас. Осы себептерге орай, жұмысын тоқтату туралы шешім шықты.