Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде 3300-ден аса адам орган ауыстыру кезегінде тұр

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2021
  • 1742

Елімізде 3300-ден аса адам - органдарын ауыстыру кезегінде тұр. Оның 105-і бала. Ал, 200-ден аса азамат кезегі келместен, қаза тапқан. Бұл туралы сенатор Ақмарал Әлназарова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді. Оның айтуынша Қазақстанда трансплантологияға кезек өте баяу жүреді. Оған қоса, пациенттердің саны да артқан. Сенатор аталмыш медициналық қызметті толыққанды қалыптастыру үшін әлі де жағдай жасау керектігін, сонымен қатар халыққа донорлық туралы ақпаратты дұрыс жеткізе білу керек екенін айтты. Депутат Қазақстандағы трансплантологияның дамуын тежейтін негізгі себептерге тоқталды. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаның жетілмегендігі, донорлық стационарлардың материалдық-техникалық базасының төмендігі, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқықтық тұрғыда қорғалмағанын жатқызды. Сондай-ақ,  донорлық органдар мен трансплантация бригадаларын аудандардан орталыққа уақытылы,  қауіпсіз жеткізудің техникалық қиындықтары бар екенін атап өтті.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы жағдайларды ескере отырып, Үкімет ел ішіндегі трансплантологиялық қызметті жақсартуға, дамытуға қолғабыс болса. Сонда ғана Қазақстанда аталмыш мәселе шешімін табады деп үміттеміз.


Д. Жарқымбек