Русский Сайттың толық нұсқасы

Бойы аласа қазақстандық қыз әлемдік додада топ жарды

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2017
  • 3031

Сүйінші! Әлемдік додада топ жарған қазақстандық Гузаль Ергешева 4 бірдей медальды қанжығасына байлап келді. Ол Канадада өткен бойы аласа адамдар арасындағы әлем чемпионатында алтын, екі күміс және қола жүлделерді жеңіп алды. Гузаль додаға ешқандай демеушінің қолдауынсыз өзі барған.

Төрт жылда бір өтетін «World Dwarf Games» жарысы биыл мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылды. Оған 22 елден 450 спортшы қатысты. Солардың арасында Гузаль пауерлифтинг, яғни зілтемір көтеруден өз салмағында алтын жүлде алған. Одан соң суға жүзуде екі қашықтық бойынша күміс иеленген. Ал эстафеталық суға жүзуде Испания құрамасына бір адам жетпей қалып, Гузальді қосқан. Соның арқасында тағы бір қола жүлдеге қол жеткізген.

Гузаль Ергешева, бойы аласа адамдар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы:

Әлемдік додада мен Қазақстаннан жалғыз өзім қатыстым. Біздің әнұранды қосқан кезде көкірегімді қуаныш кернеді. Жеңіске жетемін деген мақсат қойдым. Соған жеттім. Бұл мен үшін үлкен рекорд. АҚШ-тың, Ұлыбританияның жеңімпаздарын атап жатқанда, таң қалмайсың. Өйткені олардан 70 спортшыға дейін жарысқа қатысып жатыр. Ал қазақстандық қыз 4 медаль алды дегенде, барлығы таңқалып, қошемет көрсетті. Эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Канадада өткен әлемдік жарысқа жалғыз өзі аттанған Гузальға ешкім демеушілік жасамаған. Тек ағайын-туысы көмек қолын созыпты. Гузальдің басты мақсаты - әлемдік доданы өз көзімен көріп, мүмкіндігін сынап көру болыпты. Ал алтын жүлде олжалауға өз әкесі дайындаған.

Ирискул  Ергешев, Г. Ергешеваның әкесі:

Пауерлифтингтен қызымды өзім дайындадым. Ол жаттығу кезінде Қазақстанның спорт шеберлерінің көрсеткішін көтерді. Осыдан соң қызыма неге әлемдік ойындарға қатыспасқа деген ой тастадым. Нәтижесі міне, нағыз чемпион болып оралды.

Гузальді канадалықтар жақсы қабылдапты. Ол жақта өзін еркін сезінгенін айтады. Өйткені елде бойының аласа екендігін айтып, бетіне басатындар жетіп артылады дейді. Содан аздап қымсынатынын да  жасырмайды. 

Гузаль Ергешева, бойы аласа адамдар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы:

Қазақстандық отандастарым ренжімес. Мұнда кейде бойымның аласа екеніне қымсынамын. Өйткені жасы бар, жасамысы бар, қолын шошайтып, аяқ-қолы қысқа деп кемсітіп жатады. Құлағы естиді деп тіптен ойламайды. Ал Канадада өзімді аласа адамдар әлемінде жүргендей еркін сезіндім. Барлығына бірдей қарайды.

Гузальдің бойы 1 м 21 см. Спорттан бөлек жұмысы бар. Халықаралық білім беру агенттігінде шетелде оқығысы келетін студенттерге көмектеседі. Ал спорттағы жетістігімнің бұл басы ғана дейді. 4 жылдан кейін әлемдік ойындарға тағы да қатысуға бел буып отыр.

Айгүл ЕРМАХАН