Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирусқа қарсы вакцина 5 жастан асқан балаларға салынуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2021
  • 1445

Коронавирусқа қарсы вакцина 5 жастан асқан балаларға салынуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтты. Ол үшін препаратты өндіруші ел дәрінің нұсқаулығын өзгертуі керек деп отыр. Сонымен, АҚШ-тың вакцинасын кімдер ала алады? Екпе салдырмаған оқушыларға шектеу қойылмай ма? Сауалдарға жауап іздеген әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:


Көптен күткен "Pfizer" вакцинасы Алматыға бүгін түнде жеткізіледі. Дүйсенбіге дейін екпенің 380 мыңдай дозасын барлық аймаққа тарату жоспарланып отыр. Мұны елдің бас дәрігері айтты. Препарат 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға, жүктіліктің 16-37 аптасындағы жүкті әйелдер мен баласы 42 аптадан асқан емізулі аналарға салынады.

Екпені сақтау ерекшеліктері басқа вакциналарға қарағанда өзгеше. Сондықтан аймақтарға  арнайы тоңазытқыштар жеткізілген. Олардың санын ай соңына дейін көбейтпекші. Өрістен бұрын шаң шығаруды әдетке айналдырған министрлік бұл жолы тәспісінен жаңылды. АҚШ вакцинасын қашан бастайтындарын өздері де білмейді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Әдеттегідей, балаларға екпе мектептердегі егу пункттерінде ұйымдастырылады. Коронавирусқа қарсы вакциналау балалардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Келісім болмаған жағдайда, дәрі егілмейді.


Дәл осы вакцина қазір АҚШ-та 5 жастан асқан балаларға салынып жатыр. Ал, Қазақстанда бұл процеске рұқсат жоқ. Өйткені елде ресми тіркелген "Pfizer-дің" нұсқаулығында ол көрсетілмеген.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:


Өндіруші біздің Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығынан тіркеуден өткізді. Онда 12 жастан асқан балаларға салуға рұқсат етілген. Қазір АҚШ өздерінде 5 жастан асқан балаларға салып жатыр. Өндіруші тарап алдағы уақытта жеткізетін партиясында бүлдіршіндерге де салуға болады деп көрсетсе, сол нұсқаулыққа сай бізде жұмыс істейміз.

Екпенің қос дозасын алғандарды, қайта вакциналау 22 қарашадан басталады. Ол екі кезең бойынша жүргізілетін болды.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бірінші кезекте тәуекел тобына жататын адамдар қайта вакциналаудан өтеді. Одан кейін жылдың соңына екпе алу мерзіміне қарай қарапайым тұрғындарға көшеміз.

Министрліктің дерегінше, вакцина салдырғандардың көбеюіне байланысты эпид ахуал тұрақталып келеді. Елдің 10 аймағы "жасыл", 4-уі - "сары", 3 облыс "қызыл" белдеуде орналасқан.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Екпе еріктілерге ғана салынады деген министрлік сөзінде тұрмады. Қазір вакцина алмағандарға шектеу жетерлік. Сол сияқты болашақта вакцина салдырмаған балаларды мектепке кіргізбей қоймай ма деген заңды сауал туды. Бұған денсаулық сақтау министрлігі "жоқ" деп жауап берді. Ендеше, әліптің артын бағайық.  

А. Данияр