Русский Сайттың толық нұсқасы

Жеке сот орындаушылардың жұмысына арызданушылар азаймай отыр

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2021
  • 2841

Атырау облысында сот орындаушылардың жұмысына арызданушылар көп. Соңғы төрт айдың өзінде әкімшілік сотқа 85 адам арыз жазған. Мұны аймақтағы сот төрағасы Нұрбол Абдолов айтты. Сенаторларда сот орындаушылардың жұмысына күдікпен қарайды. Банк қызметкерлерімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырғанын айтты. Ал, сот орындаушылардың өз уәжі бар. Тараптарды тыңдаған әріптесім тақырыпты тарқатады.

Сенатор Ләззат Сүлейменнің депутаттық сауалында келтірген деректерге сенсек, банк қызметкерлері мен сот орындаушылар бірлесіп, борышкердің кепілдегі мүлкін өте төмен бағамен сатқан. Тіпті осындай сауда-саттық кезде бір адамның бірнеше пәтердің қожайыны атанған фактілер де кездеседі екен. Сондықтан жеке сот орындаушылардың қызметіне мемлекеттік бақылау керек,- дейді.

Ләззат СҮЛЕЙМЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Борышкерлердің мүдделерін қорғау үшін заңнаманы жетілдіру керек. Азаматтардың жалғыз тұрғын үйін өндіріп алуға тыйым салу, қарыз алушы өзінің қаржылық жағдайын жақсартқанға дейін шарттың талаптарын орындамаған кезде банктік қарыз бойынша мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін қарауды ұсынамыз. Жеке сот орындаушыларының қызметін мемлекеттік бақылау, олардың лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет.

Атыраулық сот орындаушылар сенаторлардың деректерімен келіспейді. Айтуларынша,  сауда-саттық арнайы базада электронды түрде өтетіндіктен сот орындаушылардың араласуы мүмкін емес.  Ал мүлікті тараптар өздері бағалайды. Келіспеген жағдайда сотқа жүгіне алатынын айтты.  

Гүләнда ҚЫСТАУБАЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРДЫҢ ӨҢІРЛІК ПАЛАТАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек,- дейді. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың ешқандай да анықталып жатқан фактісі жоқ. Болмайды да. Себебі бәрі қазіргі уақытта электронды. Сот орындаушы жекелей сатпайды мүлікті. Өз еркімен саттыққа шығара алмайды. Соттың санкциясымен шығарды. Электронды түрде базаға салып, сату арқылы жұмыс жасалады.


Бүгінгі күні аймақта 94 жеке сот орындаушы бар. Олар 170 мыңға жуық құжатты қарау үстінде, оның 9 мыңы алиметке қатысты. Жыл басынан бері қазынаға 1 млрд теңге өндірген. Дегенмен өңірде сот орындаушылардың үстінен арызданатындар азаймай отыр.

Нұрбол АБДОЛОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қаулыларына шағым келтіру, бағалауға қатысты, атқарушы істі қозғау туралы немесе өздерінің атқарушы істі қозғауға байланысты өздерінің қаражаттарын өндіру туралы санаттағы істер, көбінесе, қаралып жатқан.


Көп жағдайда тараптарға заңсыздықтар түсіндіріліп, өзара бітімге келумен аяқталады екен. Сот орынаушылардың айтуынша, былтырдан бері азаматтардың соңғы мүлкін алуға санкция берілмеген. Тек қарызынан құтылу үшін борышкерлердің өздерінің келісімімен ғана сатқан. Айта кетейік, сенатор жетілдіруге ұсынған заң қабылданған 2010 жылдан бері 71 рет толықтыру енгізіліпті.

Б. Нәдірқызы