Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте емханалардың бірінен шу шықты

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2021
  • 1998

Шымкентте бүгін таңертең қалалық емханалардың бірінде шу шықты. Дәрігерлер жұмысын уақытылы бастай алмай даурықса, науқастар ем ала алмадық деп шулады.  Алпыс мың адамы бар емдеу орнында қандай  мәселе туындады? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Шымкенттегі № 2-ші қалалық емхананың қызметкерлері үшін бүгінгі жұмыс күні даурығумен басталды. Жекеменшік ғимаратты жалға беріп  отырған қожайын оларды қақпадан әрі аттатпаған. Бұл таңғы суықта дірдектеген дәрігерлерден бөлек қаралуға келген науқастарды да абдыратып қойды.

Сергей ПОХОМОВ,  ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Маған шұғыл жүрекке операция жасағалы жатыр. Елордаға жол жүруім керек.Он күн ішінде құжаттарымды жинап үлгеруім керек болғасын таңертең келсем, мына жерде мынадай шу. Дәрігерлер тездетіп ота жасамасақ кеш қаламыз деп жіберді. Мен сонда   өлуім керек па бірден?

Минигүл БЕКХОДЖАЕВА,  ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ғимараттың жалдау ақысын төлемеген деп айтып жатыр бізге. Біз сияқты науқастарды сыртта қалдырып отыр. Ішке кіргізбеді. Үлкен өтініш, біз сияқты қарттардың өмір сүруіне мүмкіндік жасаңыздаршы. Басқа ештеңе сұрамаймыз.

Таңғы сегіз жарымда басталуы тиіс емхананың жұмысы сағат онға таяу ғана жанданды.  Оған дейін не дәрігер, не сырқат жан ішке жіберілмеді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы араласқасын ғана мәселе шешілгендей болды. Онда да тек бүгін бір күн жұмыс істеуге ғана рұқсат берген көрінеді.

Ақмарал ҚОСЖАНОВА, МЕДБИКЕ:

Сағат сегіз жарымнан басталатын жұмыс. Біз қазір енді істеп отырмыз ол жұмыстың бәрін. Ертерек айту керек ондай нәрсені алдын ала мысалы бір ай екі ай алдын көшу керек деген. Сол кезде уже пациенттерге де айтамыз біз.

Ал емхана бас дәрігерінің айтуынша,   ғимараттың қожайыны нысанды босатуды аяқ асты талап еткен.  

Нұрбике АДИМБАЕВА, № 2 ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бүгіннен бастап бізді жауып жатыр. Басқа бір компания алды дейді. Сол жаққа қарай кетесіңдер дейді. Егер ертең келіп бізге шық дейтін болса, біз қарсылық білдіреміз.  Бұл жерден шығаратын болса жұмысқа да шықпаймыз. Министерствоға дейін ,Президентке дейін хат жазамыз.


Емханадағылар көшіп-қонудан шаршадық деп отыр. Айтуларынша, бұл олардың соңғы бес жылда паналаған үшінші ғимараты. Мұнда қоныстанғалы да 1,5 жыл болыпты. Енді үйренісе бастағанда тағы тентірейтін болдық па дейді.  

Бексұлу ДОСАЛИЕВА, № 2 ЕМХАНА ДӘРІГЕРІ:

Көшіп қону оңай емес.  Бізге кем дегенде екі ай уақыт керек. Ол интернет орнату, оборудование көшіру. Оның бәрі нәзік. Бір узи аппаратының өзі қандай нәзік. Аппараттың өзі қандай нәзік..Ол деген пәленбай сом тұрады. Оның бәрін воостоновить ету өте қиын ғой. Сбой..


 Ал мегаполистің бас дәрігері бұл даурығуды аздаған түсінбестік деп түсіндірді. Сөзіне сенсек, ғимаратты жалға беруші тарапынан асығыстық  болған көрінеді.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Нысанның сенімгерлік басқаруға өткенін өзім кешке кешкісін ғана білдім. Барлығы заңды. Бастысы халыққа қолайлы жағдай бар. Ғимарат жаңа. Науқастар да, ұжым да түгел осында қала береді. Бұл емхананың бұрынғы отырған орны өте ескі еді. Қондырғылары, керек жарағы болмаған. Сол үшін біз 17 талабымызды қоя отырып аталған емхананың жағдайын жақсарту мақсатында сенімгерлік басқаруға беруге ұсынғанбыз. Бірақ басқа жеке компания ұтып алған.  

Алайда, қалалық емхананың сенімгерлік басқаруға берілуі жергілікті халыққа ұнап отырған жоқ. Олар жекенің қолына емес, бұрынғыша мемлекеттік емхана болып қалғанынын талап етеміз дейді.  

А. Төребекқызы