Павлодарлық екі әйел 1 тонна көмір үшін жаға жыртысып қалды. Келеңсіз оқиға Успен ауданына қарасты ауылдардың бірінде болған. Елді-мекенде «ауыл әйелдерінің күні» атты байқау өтіп, жеңімпаз атанған тұрғынды өзге қарсыласы соққыға жыққан. Айдың күннің аманында отын үшін төбелеске дейін баруға не себеп? Өңірден-Өзгеріс Қуанар.
Елді дүрліктерген сұмдық оқиға Успен ауданында болған. Қыз-келіншектер арасында «ауыл әйелдерінің күні» атты байқау өткен. Сол шарада бас жүлдеге 1 тонна көмір сыйлыққа беріліпті. Осыны көре алмаған ауылдасы жеңімпаз әйелді соққыға жыққан. Тәртіп сақшылары оның ішімдік ішкенін анықтапты.
Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Успен аудандық полиция бөліміне екі әйел адам 30 жастағы ауыл тұрғыны жанжал шығарып, біреуіне дене жарақатын салғаны туралы шағымданды. Аталған дерекке сәйкес ҚР Әкімшілік кодексінің 73-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, аудандық сот оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Бұл төбелеске көмір жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін. Қазір Павлодар қаласындағы қоймаларда қатты отын мүлдем жоқ. Жұрт көмір іздеп сенделіп жүр.
Нәзір АХМЕТОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Оншақты вагонды сразу әкелсе, чтоб түгелдеріне жеткендей. Мыналар міне, КаМАЗдар келді. Бір КаМАЗ 35 тонна сразу алып кетеді. Екі камаз уже бір вагонды жеп қойды, все. Бітті сонымен жабылады. Түгелдері ренжіп кетіп қалады. Жетпейді, совсем жетпейді.
Жасұлан БАРЫШОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Вообще көмір жоқ қой биыл, нашар. Осылай тұрамыз таңертеңнен сағат 2-3-ке дейін. Келеді бір вагон кейде болады, кейде болмайды. Күтеміз, отырамыз осылай кісілерге апару үшін. Көмірмен жағдай қиын биыл.
Қатты оттынның тапшы екенін көмір базасындағылар да растап отыр. Әдетте көмірге толып тұратын сату орындары қаңырап бос тұр.
Дастан ДӘУЛЕТБАЕВ, КӨМІР БАЗАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Вагондар келген. Бірақ қазір көмір таусылып қалды. Тіпті жоқтың қасы. Тапсырыс берген кәсіпорындарға жөнелтілетіні ғана қалды. Ал тұрғындарға сататын көмір жоқ. Олар ұсақ қалдықтарды алмайды. Енді отын қашан әкелінетінін біз нақты білмейміз.
Ал қала әкімі бұл мәселеден бейхабар. Көмірдің үстінде отырған Павлодарда қыстық отын болмауы мүмкін емес – деп таң қалды.
Асайын БАЙХАН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ол сұрақты шұғыл түрде бақылауға аламыз. Ол сұрақпен айналысамыз. Бізде мүмкін емес, Павлодар облысында, Павлодар қаласында көмір болмау. Өйткені, бізде бірнеше көмір қазатын разърездер бар. Сондықтан ол сұрақпен біз айналысайық.
Бірақ тұрғындар шенділер көмірді бақылауға алғанша, баға бақылаусыз кетпей ме – деп алаңдайды. Күн әзірге қарасып тұр. Бірақ күрт суытса, жағдай қиындамақ.
Ө. Қуанар