Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері бас көтерді

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2021
  • 1969

Қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері, Қызылжарда бас көтерді. Олар экономикалық тергеу департаментінің жұмысын сынға алды. Аталған мекеме жыл басында Ресейден Қазақстанға көліктерді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топты құрықтап, олар әкелген 60 көлікті алып қойған. Артынша контрабандалық жолмен келген автомобильдерді тәркілей бастады. Жер сипап қалған жүргізушілер, енді не істерін білмей дал. Бұқараның талап-арызын аймақтағы тілшіміз біліп қайтты.

Бес баланың әкесі Айдос Сұлтанов жылдың басында бес жарым миллион теңгеге Тайота көлігін сатып алған. Жарты ақшасын - несие рәсімдепті. Адам тасып, ақша тауып жүр едім дейді. Бірақ ұзаққа бармаған, жарты жылдан кейін көлігінен айырылып қалды. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері темір тұлпардың елге заңсыз жолмен әкелінгенін айтып, материалдық айғақ ретінде тәркілеген.  

Айдос СҰЛТАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тамыз айында мені полицейлер тоқтатып, бұл көліктің іздеуде жүргенін айтты. Кейін көлікті алып кетті. Міне содан беріп көлігімді қайтармай жатыр, соттың шешімін тосыңыз дейді. Маған әлі бес жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден несие төлеу керек.  

Шеттен арзан көлік әкелгендер, базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жиналды. Абайсызда опық жегендердің айтуынша, қылмыстық топтың кесірінен 1500-ға жуық адам жапа шекті. Алайда, құзырлы орган қылмыстық істе оларды жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отырғанын түсіне алар емес.

Абылайхан БАЙҒЫНБЕКОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер тергеу бөлімі бізді жәбірленушілер ретінде қарастырса, онда біз көлікті сатқан кісіні сотқа беріп, одан өтемақыны талап ете аламыз. Ол көліктерді Қазақстанға заңсыз жолмен кіргізген біз емес. Бұл жігіттер темір тұлпарларды терлеп тапқан ақшасына сатып алды.


Экономикалық тергеу департаменті мамандары, бұл адамдар куәгер санатында қалатынын жеткізді. Бірақ оны түсіндіріп жатпады. Тіпті осы уақытқа дейін қанша темір тұлпарды тәркілегендерін де айтуға құлықсыз. Заңсыз көліктер әлі де іздестіріліп жатыр деді.

Дулат ТЕЛЕКЕЕВ, СҚО ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:

Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бітуге жақын. Пысықайлар жапониялық темір тұлпарларды Ресей арқылы Қазақстанға автобөлшек ретінде кіргізіп, артынша жалған нөмірмен сатып отырған. Бұл көліктер қазір әлі де іздеуде жүр. Ал тәркіленген көліктерге қатысты нақты шешімді сот шығаратын болады.


Сондай-ақ, мамандар аталған қылмыстық топты құрықтаған кезде ірі қойманың ішінен әлі сатылып үлгермеген 60 көлікті тапқан. Ізінше күдіктілердің құжаттарын ақтарып, заңсыз көліктердің саны бұдан бірнеше есе артық екеніне көз жеткізген.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Дейтұрғанмен қылмыстық іс әлі сотқа жолданған жоқ. Сондықтан процестің қашан басталатыны да әзірге белгісіз. Айта кету керек, сала мамандары көлік иелерінің талап-арызын қабылдамаса, Жапонияның жүздеген қымбат көліктері арнайы алаңда жойылуы мүмкін. Ал, оның өтеуін кім өтейтіні басы ашық күйі қалып отыр.

А. Құрманкин