Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда балықшыларды атқан полицияға өзі келген

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2017
  • 3018

Оңтүстік Қазақстанда балықшыларға оқ атқан адам мемлекеттік инспектор болуы мүмкін. Облыстық ішкі істер департаменті оның өз кінәсін мойындап, полицияға келгенін айтты. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Сырдария өзенінде балық аулауға шыққан ағайынды екі жігітті белгісіз біреулер атып кеткен болатын. Мән-жайды әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Оқыс жағдай Сырдария өзенінің Арыс қаласына қарасты аумағында болған. Үрлемелі қайықпен азын аулақ балық аулауға шықтық деген ағайынды екі жігіттің сөзіне сенсек, кенеттен алдарынан шыққан белгісіз біреулер оқ жаудырған. Жарақат алып, аурухана төсегіне таңылған жігіттердің айтуынша, мылтықтан оңды-солды атқылағандар бастапқыда өздерін таныстырмаған да көрінеді.

Бақдаулет Қадыр:

Таныстырған жоқ. -Инспектор деді ма, егерь деді ма? -Жаңағыдай ғой, 2 рет атып болғасын, осындай әңгіме айтып жатыр. -Не деп айтты?-  Республикалық инспектор. Содан кейін атты ғой. Кім сенеді... кәдімгі шорты киіп жүр.

20 жастағы Бақдәулеттің жанында інісі Нұрдәулет болыпты. Ол өздеріне бірнеше рет  атылған оқ әдейі бағытталды деп санайды.

Нұрдәулет Қадыр:

Қара мылтық, автоматқа ұқсайды. Астында магазині бар.Тарс атады. Бізді қайықпен айналып жүрді. Атады, атады, атады. Оғы таусылды. Оғы таусылғасын барып кетті ғой қайық, оқ таусылғасын.

Жағаға әзер шығып үлгерген қос жігіт әкесіне қоңырау шалып, көмекке шақырған. Әкесі бір бірін түсінбестіктен болған іс деп топшылайды. Бірақ қалай десе де, бұл қасақана атылған оқ екенін анық, деп санайды.

Сапар Айтқожаев, жәбірленушілердің әкесі:

Қайықты атқан. Қайықта тұрған балдардың аяғына оқ тиіп, бала жылап-еңіреп қайыққа құлаған. Құлаған кезде біреуінің бүйрегіне тиген, екіншісінің өкпе қабырға жағына тиген, сонымен сол жерде тағы да атқылап жатыр дейді.

Жүрегі шайлығып қалған ата-ана, егер оқ жаудырғандардың оғы таусылмағанда, қос ұлымыздан айрылып қалар ма едік, дейді. Олар, кінәсіз адамды жер жастандырмақ болғандар жазасын алса, деп отыр. Ағайынды жігіттер тиісті емін алып жатыр. Дәрігерлер олардың денсаулықтары қазір бірқалыпты екенін айтты.

Ал оқ атқан инспектордың «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында қызмет етуі мүмкін деген бейресми ақпарат бар. Телефон тұтқасын көтерген адам оның осында жұмыс істейтінін растады.

- Сіздердің сотрудниктеріңіз бе? Әлде сіздерге қарамайды ма?

«Охотзоопром» ӨК» МКҚК өкілі:

 -Ия, біздің сотрудниктер ғой.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

Күдікті ретінде сол күні анықталғаны 1987 жылы туылған азамат, Шымкент қаласының тұрғыны. Екі күн өткеннен кейін ол өзі Арыс аудандық полиция бөліміне келіп, қылмысын мойындап отыр. Қазіргі таңда қамауға алынған. Сотқа дейінгі амалдар, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қамауға алынған инспектордан тегіс ұңғылы «Сайга» мылтығы айғақты зат ретінде алынды. Оқиға болған күні оның жанында кімдер болғаны да анықталмақ.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ішкі істер қызметі балық аулаған жігіттердің де әрекеті де қаншалықты заңды болғанын тексеретін болады. Өйткені балықты қармақпен аулауға ғана рұқсат етілген. Ал мемлекеттік инспектордың да қару қолдануының заңды-заңсыздығы тексерілмек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ