Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында құсбегілер чемпионаты өтіп жатыр

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2021
  • 2035

"Қансонарда бүркітші шығады аңға". Қарағанды облысында құсбегілер чемпионаты өтіп жатыр. Сайысқа   бүркіт, қаршыға, лашын және  ителгі секілді аңшы құстары бар 30-дан астам саятшы қатысып, бақ сынауда. Қырандардың  бабы мен бағы  бағаланбақ.  Құсын қолына алып, жүйрік атын тақымдаған саятшылар байқауы туралы тілшіміз Айжан Қуаш толығырақ айтады.  

Жазық далада  төсіндегі басты бәсекелестер- аңшы құстар. Қыран, бүркіт, қаршыға, лашын мен ителгі. Сырт келбеттерінен- ақ кербездік пен қырағылықты аңғаруға болады. Құсбегілер де  аңшы кейпінде. 29 жастағы Асан Әбдіразақов  -қазақтың тұңғыш бүркітші қызы- Мақпалдың туған інісі.Саятшылық  олар үшін атадан қалған құнды мұра.  Асанға 5 жасында атасы қаршыға сыйлаған. Содан бері   бүркіт баптайды.  Небәрі 9 жасында қанжығасы майланған кәдімгі сері атанған.

Асан ӘБДІРАЗАҚОВ, БҮРКІТШІ:

5 құсым болды.  Бұл- менің бесінші құсым. Бұл құстың аты- Патша. Бұл енді биылғы балапан. Бірінші жарысы болып тұр. Осы жарыста бағын сынайды. Мақсатымыз жарыста орын алу емес осы құсты баптап аңға салып қызыл тымақ киіп ұлттық спортымызды дәріптеу.

Түлкі тымақ пен шапан киген Өмірбек Кеңшілікұлы да  ес білгелі бүркіт баптайды. Қарағандыдағы Ақтау кентінің тұрғыны бұл жолы киелі құстың балапанын  бәйгеге қоспақ.  Моңғолиядан келген қандасымыз қазір жастарды  атадан балаға мирас болып келе жатқан аңшылық дәстүрге баулып жүр.

Өмірбек КЕҢШІЛІКҰЛЫ, БҮРКІТШІ:

Бүркітті көп дайындау керек. Бұған да күш- жігер керек. Жанынан қалмау керек. Көп бүркіт ұстағам. Сол бүркіттеріміз алда жүрсін. Біздікі келешек жастарға үйрету.

Жарыста құсбегілер құстарын қияға еркін ұшырып, қолдарына қондырды, шырғаға салды. Бүркіт көкте самғап жүріп, жердегі олжасын қалт жібермей алуы тиіс.  Қазылар алқасы  қыранның бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал- сайманын да сынға салады.

Нұржан ШАЙХИН, ҚАРАҒАНДЫ ҰТТЫҚ СПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қарағанды облысымызда федерация ашылды. Саятшылық спортымызды дамытып бүркіт ұстайтын жігіттеріміз көбейді. Осы бүркіт ұстайтын жігіттерді көріп мәз боламыз. Осындай қазақтың жігіттері оң қолдарында бүркіттері жүрсе қандай әдемі.

 «Сарыарқа- 2021» чемпионатының жеңімпаздары желтоқсанда өтетін республикалық додаға қатысады. Онда құмай тазылар да жарысқа түспек.

А. Қуаш