Русский Сайттың толық нұсқасы

Шенеуніктер табиғи апат шығынын есептеп үлгере алмай жатыр

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2021
  • 1567

Жамбылда жолындағысын жайпаған желден келген шығынды, шенеуніктер есептеп үлгере алмай жатыр. Тіпті әлі жарыққа қосылмаған елдімекендер бар. Табиғаттың тосын мінезі бір адамның өмірін жалмады. Зардап шеккендер арасындағы балалардың бірінің омыртқасына зақым келген. Тағы 4 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Дегенмен қалада табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары басталып кетті. Ал, аудандарға көмек әлі жетпеген.   

Таңмен таласа коммунадық мекеме қызметкерлері, қала көшелерін қирандылардан тазартып әлек. Салбыраған электр желілерін қосып, құлаған талдар мен сұлаған бағаналарды ретке келтіру түнде басталып кеткен. Бағдаршамдар да іске қосыла бастады. Бірақ бәрі емес. Бұл қаладағы бүгінгі тіршілі. Ал, Байзақ ауданында жағдай тіпті қиын. Баспаналарын жел ұшырып кеткен отбасылар, далада қалған.

Бибіайша ҮМБЕТБАЙ, БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Далада қалдық палаткада тұра алмаймыз. Алдымыз қыс. Білмеймін қайда баратынымызды. Үйіміздің тұрысы мынау. Үш ұйқтасам түсіме кірмепті осылай үйімізден айырылып қаламыз деп.


Желдің зардабын жоюға аймақта 4 мыңнан аса маман мен 165 техника жұмылдырылған. Шығын көлемі әлі белгісіз.

Рүстем ДӘУЛЕТ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дер кезінде жұмылдырылған жұмыс, іс-әрекеттердің арқасында бәрі тез қалпына келіп жатыр. Барлығын есептеп, акт жасап жатыр, кейін тағы да ресми хабар береміз.


Берік ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

Міне біз кешегі дүлей дауылдан зардап шеккен үйлердің біріндеміз. Мұнда өздеріңіз көріп тұрғандай газ құбыры қирап, қоршауы түгел құлап қалған. Желдің екпіні қатты болғаны соншалық, бастырмасын ұшырып көрші үйдің ауласына апарып тастапты. Үй иесінің айтуынша жағдайымызды сұрап әкімдіктен әлі ешкім келмеді дейді. Бес баласы бар көп балалы ана күннің суығында жарықсыз не жылусыз отыр.

Гүлнар МӘЖЕНОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Балаларымды мектептен алып келуге кеткен болатынмын. Қайтып келсем үйім осылай қирап жатыр. Осы уақытқа дейін бізге әкімшіліктен ешкім келіп бізге бір көмек берейін деп не жағдай болды ешқандай ешкім келгенде жоқ. Үйде кішкентай балалар бар. Казір суық үйде әлі отырмыз. Не свет жоқ не газ жоқ.


Өңірдегі 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй мен 300-дей жеке секторға зақым келген. Одан бөлек әлеуметтік нысандардың шатырлары ұшқан. Қазір аймақтағы жолдар барлық бағыт бойынша ашық. Төтеншеліктер жолда қалған 100-ден аса жолаушыны құтқарыпты. Облыс бойынша 53 адамға медициналық көмек көрсетілген. 4-уі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал, қайтыс болған бозбала Жалпақтөбе ауылында үйнің шатырынан құлаған.

Б. Жұмабайұлы