Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО екі аудан орталығының тұрғындары жылусыз отыр

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2021
  • 2394

Солтүстік Қазақстанда екі аудан орталығының тұрғындары тоңып отыр. Талшық ауылында мемлекеттік мекемелер қысқа қам жасамаған  секілді. Әбден ескіріп-тозығы жеткен жылу қазандықтары қос қабатты ғимараттарды жылыта алар емес.   Бескөл ауылының тұрғындары да құзырлы орындардың жауапсыздығынан қақаған аязда дірдектеп отыруға мәжбүр. Өңірдегі жұрттың жанайқайын тілшіміз  Абзал Құрманкин жеткізеді.

Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылындағы әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік тастай суық.   Азынап тұрған бөлмелерде отырып, жұмыс істеу мүмкін емес. Осылай деп  шағымданған "Қазпошта" қызметкерлері   әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Қазпошта"-ның аудандық бөлімшесі басшысының айтуынша,   бар гәп ескі жылу қазандықтары мен су сорғысында. Он жыл бұрын орнатылған пештердің   әбден тозығы жеткен. Мәселе жақында шешіледі дейді.   Бірақ қыстың қамын неге жазда ойламағандарын айтып түсіндіре алмады.

Талғат ДҮЙСЕНБЕКОВ, «ҚАЗПОШТА» АҚ АҚЖАР АУДАНДЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жылу қазандығын сатып алдық. Ол Қарағанды қаласында тұр. Жақын арада алып келеміз. Ал су сорғысы осы аптаның аяғында келеді. Кейін жылу қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстың неге жазда істелмегенін білмеймін. Мен бұл қызметке қарашаның төртінде бірақ тағайындалдым.


Жылу жүйесі Қызылжар ауданының орталығы Бескөл  ауылында да әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Биыл орталықтардырылған жылу жүйесіне қосылған 20   үйде батареялар мүлдем жылымайды, дейді тұрғындар. Осының кесірінен жұрт электр пеш пайдаланып, шығынға шаш етектен батып отырғанын айтады.

Юрий СМИРНОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жер бірер күнде қатып қалады. Ізінше жылу құбырлары да мұзға айналып, жарылады. Әкімдік апаттың алдын алудың орнына, не істеп жүргенін білмеймін. Әрекеттенгенін көргеніміз жоқ.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Талшық ауылындағы мәселе бір аптада  шешілсе, Бескөлде жылу жүйесінің қашан жөнге келері белгісіз. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қай жерде қандай кемшілік кеткенін анықтайтын кәсіби маман  тапшы. Ал  жүздеген адам шенеуніктердің жауапсыздығынан пәтерлерінде  әлі  қашанға дейін бүрсеңдеп отырарын кім білсін.

А. Құрманкин