Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавл қаласы қоқыстың астында қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2021
  • 2193

Петропавл қаласы қоқыстың астында қалуы мүмкін. Көпқабатты үй  аулаларындағы тұрмыстық қалдықтар бірнеше күннен бері жиналмай жатыр.  Ал бұған жауапты мекеме банкротқа ұшырап жатырмыз дейді.  Бұған не себеп? Облыс орталығы тұрмыстық қалдықтан қашан арылады? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Егемен Қазақстан көшесінің тұрғындары соңғы кезде қоқыстан көз ашпай калғандарын айтады.  Жауапты кәсіпорындардың техникасы бұл аумаққа мүлдем жоламай кетті, дейді.

Галина ДОКТОРЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл қоқыс жәшіктері мектептің дәл қасында тұр. Балалар қалдықпен арасымен өтуге мәжбүр. Біз қаражатты не үшін төлеп отырмыз? Не жәшіктердің санын көбейтсін, не қоқысты уақытында шығарсын!


Қызылжарда қоқыс шығарумен төрт жеке кәсіпорын айналысады.

Компаниялар бұл келеңсіздікті техниканың тапшылығымен байланыстырады.  Банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорындардың тіпті қоқыс шығаратын көлікті жөндеуге де қаражаты жоқ көрінеді.

Мұрат ЕСМҰХАНОВ, “КОММУН-СЕВЕР” ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Біз 60 мың тұрғыннын қоқысын жинаймыз. 7 техникамыз бар. Оның екеуі сынып қалды. Қазір жөндеуге қаражат тапшы. Осының кесірінен Береке шағын ауданы мен Вокзал маңайындағы қоқысты шығара алмадық. Қазіргі тариф табысты айтпағанда, шығынның өзін толық өтей алмай отыр.


Лариса ПОНОМАРЕВА, “МЮЛЬ-СЕРВИС” ЖШС ӨНДІРІС БАСШЫСЫ:

3 жыл бұрын тариф көтерілген кезде дизельдік отын 120 теңгеден сатылды. Қазір оның құны 2,5 есе өсті. Техниканың қосалқы бөлшектері ДЕ қымбаттады.  Бізде қоқыс шығаратын 6 жүргізуші болды. Оның үшеуі жалақының аздығынан жұмыстан шығып кетті. Қазір жұрт 130 мың теңгенің өзіне жұмыс істегісі келмейді. Ал одан әрі көтеруге біздің мүмкіндігіміз жоқ.

Петропавлда қоқыс тарифі 2018 жылдан бері өзгермеген. Сол кезде аталған қызметтің құны 170 теңгеден 220-ға   көтерілген. Енді жауапты кәсіпорындар осыны екі есе арттыруды сұрап отыр. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселені жақын арада қарастыратынын мәлімдеді.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Әкімдік тарапынан тарифті көтеру бойынша шешімді қабылдай алмаймыз. Сондықтан қазіргі таңда бұл сұрақ қоғамдық кеңесте содан кейін мәслихаттың сессиясында қаралатын болады. Сол жерде олардың берген бағалары қарастырылып, тарифті көтеру-көтермеу туралы шешім сол жерде шығарылады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Егер жағдай өзгермесе қаңтардан бастап қызмет көрсетуден жаппай бас тартамыз дейді қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар. Сондықтан билік    мәселені барынша тез шешуге тырысуда. Болмаса   қала қоқыстың астында қалуы мүмкін.


А. Құрманкин