Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің Достық және Вознесеновка ауылдарына газ берілді

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2021
  • 1198

Ақтөбе облысында  Мәртөк ауданының Вознесеновка және Достық ауылдарына газ берілді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" компаниясы халыққа осындай керемет сый жасады. Осыған дейін от жағып, күл шығарған тұрғындар енді арзан әрі  сапалы көгілдір отынның игілігін көреді. Ауылдағы ағайынның қуанышымен біздің тілшіміз Гүлвира Сейтенова бөлісіп келді.

Оксана Марченко - Вознесеновка ауылының тұрғыны. Таза ауаны аңсап, 20 жыл бұрын қаладан көшіп келген. Бүгінге дейін күл шығарып, көмір жаққан тұрғын енді бұл бейнеттен құтылғанына қуанышты.

Оксана МАРЧЕНКО, ВОЗНЕСЕНОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барлық жерлесімді  құттықтаймын. Бүгін біз үшін көптен күткен оқиға, қуанышты күн. Ауылымыз көгілдір отынға қосылды.

Достық ауылы тұрғындарының да көңілі жай. Табиғи газ желісі үйді-үйге тартылып жатыр. Жыл сайын 100 мың теңгеге көмір сатып алатынбыз дейді ауыл тұрғыны Алтынай Искарина. Енді көгілдір отынның рахатын көреміз деп қуанып отыр.   

Алтынай ИСКАРИНА, ДОСТЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«ҚазТрансГаз Аймаққа» алғысымыз шексіз. 2 ай ішінде жұмысты тез арада бітіріп, нақты бәрін қосып берді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының инвестициялық жобасы  аясында   екі ауылға 30 шақырымнан астам газ құбыры тартылған. Ішкі жерасты газ тарату желілерінің ұзындығы шамамен -16 км. Газ қондырғысы  дайын үйлер көгілдір отынға қосылып жатыр. Вознесеновка мен Достықта 260 үй бар.  Бұдан бөлек, 9 коммуналдық мекеме газдандырылады.

Әсет ӘБІЛӘШЕВ, "ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ" АҚ АҚТӨБЕ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жұмыстар- «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі инвестициялық бағдарламасына сәйкес жасалған жұмыстар. Құрылыс жұмыстары осы жылдың 25 қыркүйегінде басталды. Бүгін жұмыстар мәресіне жетіп, ауыл тұрғындарын газ беріп, қуантып жатырмыз.

Облыста халықты көгілдір отынмен  қамту көрсеткіші 92,5 пайызға жетті. Жыл соңына дейін  тағы төрт елдімекенге газ беру  жоспарланып отыр. Әйтеке би ауданындағы Аралтоғай және Белқопаға, Ойыл ауданының Қаракөл ауылына және  Мұғалжар ауданының бір ауылы  табиғи газ желісіне қосылады.

Г. Сейтенова