Русский Сайттың толық нұсқасы

Дүңгіршегінен айырылған алматылық кәсіпкерлер билік қадамына наразы

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2017
  • 3695

Дүңгіршексіз Алматы. Қалада шағын сауда орындары сот үкімінсіз сүріліп жатыр. Ал кәсіпкерлер бұл әрекетке қарсы. Тіпті, заңсыз дейді. Құжатсыз қадам шамбайына батқан шағын бизнес өкілдері бүгін әкімдікке базынасын айтты. Жергілікті билік болса, барлығы заң жүзінде деп мәлімдеді. Тараптар пікірін Олжас Нұржақып тыңдады.

Олжас Нұржақып, тілші:

Қаланы көркейту үшін қолға алынған қадамдар қарқынмен жүріп жатыр. Бәрі де бас жоспар негізінде. Бірақ бұл әрекеттер бұрыннан бір ізге түскен кәсіптің қанатын қиған. Олар, дүңгіршегіміз заңсыз сүрілді, дейді.

Қазір варварлық жолмен сүру жүруде. Бізде барлық құжат бар. Міне, мына алтын чемоданым құжатқа толы. Мұның ішінде осы уақытқа дейінгі жиған құжаттарым сақтаулы. 

Татьяна Борисовнаға бұл жай таңсық емес. 2002 жылдан бері ол өз құқығын қорғап келеді. Шағын кәсібін дөңгелету үшін, талай даудан өткен. Содан бері бір чемодан құжат жиналыпты. Енді талай жылдан бері күрескен дүңгіршегін заңсыз сүріп тастаған.

Татьяна Черкашина, кәсіпкер:

Маған жерді босат деген хабарландырулар келді. Бірақ, кәсібімді дөңгелетіп отырған нүкте болғандықтан, күрестім. Соттан ұтылғаныммен, 15 жыл болды дүңгіршегімді сүрген, тіпті сүруге әрекеттенген билік болмады. Енді, міне, қысқа ғана уақытта маңдай терді жоқ қылды. Менің барлық құжатым дұрыс. Тек жалға алу келісімі ғана болмады.

Инна Геннадиевна да: "Жер мемлекеттікі болғанымен, кәсіп менікі. Сондықтан сүру үшін сот шешімі қажет", - дейді.

Ирина Ватинцева, кәсіпкер:

Ел азаматының құқығын тек сот шектей алады. Әкімнің ондай құзыры жоқ. Бірақ, сот үкімі шықпай, менің дүңгіршегімді сүріп тастады. Аялдама орнында 4 дүңгіршегім болды. Енді кәсібімнен айырылдым. Шамамен 21 миллион теңгеге шығынға батып отырмын. Біздің пікірімізге құлақ аспаса, әкімдік шығынымызды қайтарсын.

Ал жергілікті билік болса, әрекетінің заңды екендігін айтады. Шағын сауда орындары қала көркіне сай емес, оның үстіне жалға алу уақыты да аяқталған. Ал бас жоспар бойынша барынша ыңғайлы көше жүрісін қамтамасыз ету қажет.

Алмас Мәдиев, Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

Соттың шешімі болса, бұл кісілер артық шығын төлейтін болады. Себебі біз сотқа жүгінсек, барлық шығынды кәсіпкерлер төлеулері қажет. Сондықтан, оған жеткізбей, өз тараптарыңыздан немесе біздің көмегібімізбен нысандарыңызды алып тастаңыздар деп түсіндіріп жатырмыз. Жалдау уақыттары 10 жыл, 7 жыл бұрын біткен. Сондықтан бұл кісілер заңсыз жұмыс істеген. Яғни құжаттары болмағандықтан, светті де, басқа қызметтерді заңсыз алып отырған.

Қаладағы сауда орындарында 20 мың шаршы метр орын бос тұр. Әкімідік кәсіпкерлерге сол нүктелерді ұсынып отыр. Бірақ дүңгіршегінен айырылған шағын бизнес өкілдері сотқа шағымданатындарын айтты. 

Олжас НҰРЖАҚЫП