DP
World компаниясы «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен Ақтау
портын дамыту ісіне қатысуы мүмкін.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев компанияның басқарма төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен
Ресейде кездесіп, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін
талқылады. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан 20-шы Халықаралық экономикалық форум
аясында Президент «АФК Система» Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир
Евтушенковпен жүздесті. Кездесу барысында энергетика және мұнай химия
саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. Бірлескен
инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары да сөз етілді.
Сондай-ақ,
бүгін Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен
кездесіп, екіжақты ынтымақтастық және оны әрі дамыту жайын қарастырды. Пан Ги
Мун Қазақстан Президентіне Ұйыммен серіктестік қарым-қатынастарының дамуына
қосқан жеке үлесі үшін алғыс айтты.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
БҰҰ
- аса маңызды ұйым, оған әлемнің барлық мемлекеттері қолдау көрсетіп, беделін
нығайтуға, мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс деп санаймын. Әсіресе қазіргі күрделі
ахуал кезінде бұл өте қажет. Өзіңіз білесіз, Қазақстан бейбітшілікті,
интеграция мен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныс
білдірді. Біздің ел өркениеттерді біріктіру үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер
лидерлері съезін өткізіп келеді. Ядролық қарудан арылу жөніндегі ұсыныс бізден
бастау алды. Биыл біз Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығын атап
өтеміз. Сіз ол жерде болдыңыз. Бұдан бөлек, Бас Ассамблеяның соңғы сессиясында
біз адамзатты жаппай қырып-жоятын қарудан арылу қажеттігі жөніндегі бастаманы
жария еттік.
Еске
салайық, Нұрсұлтан Назарбаев 20-шы Халықаралық экономикалық форумға қатысу үшін
күні кеше Санкт-Петербург қаласына бараған еді. Форум үш күнге
жоспарланған. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС өкілдерінің кездесулері де осында өтпек.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА