Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық қордағы қаражаттың жұмсалуы жөнінде жазда Президентке есеп беріледі

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2016
  • 2235

Ұлттық қордағы қаражат қайда жұмсалып жатқаны жөнінде жазда Президентке есеп беріледі. Мұнай саудасынан түскен қаражаттың ұқсатылуын күзде Парламент депутаттары да естиді. Былтырғы жылғы бюджеттің атқарылуы жөнінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында есеп берген Премьер-министр Кәрім Мәсімов осылай деді. Қаражаттың дер кезінде игерілмеуі, Есеп комитеті мен Үкіметтің есебіндегі сандар сәйкессіздігі, сыртқы қарыздың көбеюі сияқты проблемаларға тоқталған депутаттар соңында 2015 жылғы бюджеттің атқарылуын бекітті. Мөлдір Бақыт-Қызы тарқатады.

Мөлдір Бақыт-Қызы, тілші:

Есеп комитетінің дерегінше, соңғы 5 жыл ішінде салықтық түсімдер күрт кеміген. Үкімет бұл кетікті жабу үшін, Ұлттық қордағы қаражатты жұмсапты. Мысалы, 2011 жылы қордан бөлінген трансферттер 29,8 пайыз болса, 2015 жылы 13 пайызға артып, 43-ке жеткен. Мұнай саудасынан түсетін барлық ақша Ұлттық қорға аударылатыны белгілі. Депутаттар, бюджетке түсім азайса, қор түгесілуі мүмкін, деп алаңдайды. Премьер Мәсімов жұмсалған қаражаттың экономикалық тиімділігі жайында күзде айтып бермек. Депутаттардың ақылына да жүгінбек.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Осенью придем к вам вместе с бюджетом, для того чтобы было ясно и четко понятно, как и на что мы собираемся использовать эти ресурсы.

Ал Омархан Өксікбаевты қордаланған сыртқы қарыз алаңдатады. Былтыр бюджет тапшылығын жабу үшін 1,1 трлн теңге қарыз алыппыз. Ол 2013 жылмен салыстырғанда 9 есеге көп, дейді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Вместо того чтобы жить по средствам, мы влезаем в долговую яму. Только на этот год уже заимствовано 2 млрд долларов США на покрытие дефицита республиканского бюджета. Скажите, пожалуйста, намерено ли правительство в этом вопросе что-то изменить. Если да, то как?

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Менің ойымша, Дүниежүзілік банкі, Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия банкі сияқты халықаралық институттармен байланыс біздің экономикаға инвестиция тартуға сеп болады. Реформаларды іске  асырып, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға  әсер етеді. Бірақ сізбен келісемін. Біз шегіне жақындадық. Теңге бағамы өзгерген соң, бұл бірден сезілді. Өйткені сырттан қарыз АҚШ долларымен алынады.

2013 жылы Президент жарлығымен бекітілген Бюджет саясаты тұжырымында сыртқы қарыз жалпы ішкі өнімнің 22 пайзынан аспауы тиіс делінген. Ал қазір мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың қарызы 68,6 млрд АҚШ доллары немесе ІЖӨ 56 пайызын құрайды. Үкімет басшысының айтуынша, экономикадан бөлек, қазір халықты қауіпсіздік қатты алаңдатады. Мұны Ақтөбеге барған жұмыс сапарында байқапты. Бұрын-соңды кездесулерде коммуналдық тарифтер, баспана бағасы жайлы сөз қозғалса, қазір күш-құрылымдарының қауқары туралы мәселе көтеріледі. Сондықтан құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге біраз қаражат бөлінбек. Айтпақшы, кешеден бері Премьер-министрдің «Туиттеріне» де жан бітті. Төрт жыл үнсіздіктен кейін, Үкімет басшысы өз аккаунтына қайта жаза бастады.

Мөлдір Бақыт-Қызы, тілші:

Премьер елде құрылыс қарқын алады деп болжайды. Оған жеке тұрғын үй салуға инфрақұрылым тарту түрткі болады дейді. Әкімдіктер 10 сотық жер беруге міндетті. Бұл талаптың Алматы мен Астана маңына қатысы жоқ. Қос қаланың әкімдіктері басы артық жер телімі жоғын бұрын мәлімдеген.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ