Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау облысында тәуелсіздік жылдары мың шақырымнан астам жол салынды

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2021
  • 2436

Тәуелсіздік жылдарында Маңғыстау облысында мың шақырымнан астам жол салынды. Осының негізінде облыс Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.  Құрық порты арқылы өтетін транскаспий дәлізі Қытай мен Орталық Азия елдерінен Еуропаға және кері бағытта жүктерді тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.  Нәтижесінде Қазақстан транзиттік тасымалдан түсетін кірісті жыл сайын арттырып келеді.

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстан ең ұзын автомобиль жолы мен теміржолға ие.  Бұл инфрақұрылымға кеткен шығын тәуелсіздік жылдары қомақты кіріс алып келді. Құрлық, автомобиль, теміржол және теңіз жолдары үздіксіз еуразиялық көлік қатынасын қамтамасыз ету үшін ұлттық транзиттік ресурсты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кешенге біріктірілді. Бір ғана Маңғыстау облысында 30 жыл ішінде 1100 шақырымнан астам жол салынып, 2 мың шақырымға жуық жол жөнделді.

Адайбек ҚАЛИЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Тәуелсіздік алғанға дейін 1778 шақырым автомобиль жолы болса, қазір 2900 шақырым автомобиль жолы бар. Осы тәуелсіздіктің 30 жылында 1100 шақырым автомобиль жолы  жаңадан салынып, 2000 шақырым автомобиль жолы жөндеу-жаңарту жұмыстарынан өтті.   

Алдағы төрт жылда аймақта тағы бірнеше ірі   жоба жүзеге асырылмақ.  Жаңадан салынатын жолдардың сапасы мен ұзақ мерзімге жарамдылығына ерекше назар аударылады.

Еламан ОТАРОВ, «АҚЖОЛ ҚҰРЫЛЫС» ЖШС ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

10-12 тоннаға арналған жолдар бұлар. Асфальттың қалыңдығы 23 см, бетіндегі қолданамыз деп отырған 5 см ЩМА деп отырғанымыз соңғы технология.  Тек қана ол Жетібай жолында бар, Маңғыстауда басқа жерде жоқ.

Жақында Үкімет басшысы Асқар Мамин де Маңғыстау облысының әлеуеті туралы және  алда атқарылар жұмыстардың  аймақ дамуына оң серпін беретіні туралы айтқан болатын.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Кешенді жоспар негізінде 2 триллион теңгеге 214 шараның жүзеге асырылуы облыстың дамуына тың серпін береді. Негізгі капиталға түсетін инвестиция екі есе артып, 2025 жылы 1 триллион теңгеден асады. Облыс экономикасы 32 пайызға өседі.

Үш мемлекетті байланыстыратын "Өзен-Берекет-Горган" халықаралық теміржол дәлізі ашылды. "Жезқазған-Бейнеу" темір жолы салынды. "Атырау-Ақтау" тас жолы жаңартылды.

Адайбек ҚАЛИЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


2022 жылдан бастап осы Алау лагерінен Құрық ауылына дейінгі 37 шақырым автомобиль жолын салатын боламыз. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу өткізілуде. Республикалық бюджеттен бұл бағытта 500 млн теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек Басқұдық ауылына қатынайтын 10 км автомобиль жолын қайта құрылымдау жұмысы биылғы жылы басталды.

«Жезқазған-Бейнеу» автожолы  Орталық Қазақстаннан Ақтау портына, Түркіменстанмен шекараға және Парсы шығанағы елдеріне дейінгі ең қысқа теміржол бағытын қалыптастырады. Ал  "Арқалық-Шұбаркөл" теміржол желісі Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне шығуды қамтамасыз етеді.

А. Базарбай