Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда 200-ге жуық үй екі күннен бері жылусыз отыр

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2021
  • 1740

Павлодарда 200-ге жуық үй екі күннен бері жылусыз отыр. Бұған жылу құбырының жарылуы себеп болған. Мамандар коммуналдық апатты қалпына келтіргенмен, түн өтпей жатып құбыр қайта жарылды. Ал қаланың қақ ортасында болған апаттан 20-дан астам әкімшілік ғимарат пен тұрғын үйлер сусыз қалды. Тіршілік нәрінен тарыққан мекемелердің ішінде облыстық әкімдік те бар. Павлодарда коммуналдық апат неге жиілеп кетті? Тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Жылу құбырындағы апаттан шағын ауданындағы 200-ге жуық үй жылусыз қалды. Барлығы жеке үйлер болғандықтан, кейбір тұрғындар пеш жағып күнелтуге көшкен. Алайда, пештен бас тартқан қалалықтар бүрсең қағып отыр.

Раиса ИЛХАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Екі күн болды үйде жылу жоқ. Үйіміз суып кетті. Киімшең ұйытадық.  Жеке үй болса да, пеш жоқ бізде. Балаларға қиын болды. Бүрсең қағып отыр. Қыс басталмай жатып апат болса, қатты аяз келгенде қалай боларымыз белгісіз.

Мамандар жылу құбырдағы ақауды күні кеше қалпына келтіріп, қайта қосқан. Алайда, бір түн өтпей жатып,  әлгі құбыр қайта істен шықты. Мамандар бұған коммуналдық желілердің әбден ескіргені себеп болып отырғанын айтты.

Екатерина БАЙЖҰМАНОВА, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Бүгін таңертең болған апаттан, тұрғындарды тағы да жылу мен ыстық судан ажыратуға тура келді. Жөндеу жұмыстары бір күн ішінде қалпына келтірілетін болады. Кешке дейін  жылу беріледі.


Қаланың басқа бір ауданында да құбырдан ақау шығып, 20-дан астам үй мен әкімшілік ғимараттар сусыз қалды.  Көшелерді су басып, көліктердің жүруіне қиындық тудырды. Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр.   

Дмитрий БАШКИРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ СУ АРНАСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:


Апатты кешкі сағат сегізге дейін қалпына келтіреміз, деп ойлаймын. Алдымен  құбырларды судан тазартып алуымыз керек. Дәнекерлеу жұмыстары  жүргізіледі. Құдықтар суға толып тұр. Ақауды жоюға  құбырларды босатып,  құдықтағы суды шығарғаннан кейін барып кірісеміз.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Мамандар апаттың жиілеуіне құбырлардың шіріп кетуі себеп болғанын айтады. Қазір Павлодар қаласында коммуналдық желілердің 80 пайызының тозығы жеткен. Ал оларды жаңалау күн тәртібіндегі мәселе. Десе де, шаһар билігі келесі жылы барлығын жөндейміз - деп арқаны кеңге салып отыр.


Ө. Қуанар