Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе фермаларында адам еңбегін қанау оқиғалары көбейген

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2021
  • 2218

Ақтөбенің мал ұстайтын фермаларында адамды тегін еңбекке жегіп қою жағдайлары жиілеген. Қожайынынан амалын тауып, қашып шыққандар полицияға шағымданады. Алайда, маңдай терімен тапқан ақшасын өндіріп алғандар жоқтың қасы. Екі жыл бойы біреудің табалдырығында жүріп, малын баққан, бірақ адал ақшасын ала алмаған осындай кейіпкердің бірімен әріптесім Гүлвира Сейтенова тілдесіп келді.

Ресей азаматы Сергей Евсеев Орынборда тұрған кезінде төлқұжатын жоғалтып алған. Қазақстанға ешбір құжатсыз келген ол, Қобда ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде қой баққан. Екі жылдан бері жалақы көрмепті. Оны даулап бармаған жері жоқ.

Сергей ЕВСЕЕВ, РЕСЕЙ АЗАМАТЫ:


Қожалық басшысы айына 30 мың теңге төлеймін деді. Екі жыл жұмыс істедім. Бір тиын да төлеген жоқ. Күте тұр, ақшам жоқ дей берді. Кейін мені таксиге отырғызып, Ақтөбеге жіберді. Содан бері оны көрген жоқпын.

Сергей секілділер көмекке жүгінетін - арнайы орталық мамандары - соңғы уақытта аймақтағы жеке шаруа қожалықтарда кісі еңбегін қанау оқиғалары көбейгенін айтады. Тегін жұмыс жасатып қана қоймай, жұмысшыны күштеп ұстап отыратын жағдайлар да бар. Мысалы, Шалқар ауданындағы қожалықтардың бірінде Өзбекстан азаматын соққыға жыққан, дейді орталық өкілі Гүлнұр Едігеева.  

Гүлнұр ЕДІГЕЕВА, «ДӘРІС» АҚПАРАТТЫҚ-КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Зина 2018 жылы келеді, Өзбекстанда анасы мен қызы бар, осында жұмыс жасаймын деп келеді. Әрі қарай жеке қожалықтан жұмыс тауып, жұмыс істеген. Айтқан айлығын бермейді. Оны ұрып-соққан. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Іс жүргізіліп жатыр.

Полиция департаментіндегілер биыл адамды заңсыз еңбекке тарту жөнінде жеті арыз түскенін, бірақ тексеріс кезінде ешбірі расталмағанын жеткізді. Жақында «Стоп, трафик» жедел-алдын алу шарасы кезінде тағы да сол Шалқар ауданында бір дерек тіркеліпті. Қазір оны полицейлер тексеріп жатыр.

Арман НАЖМАДИНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
 
Шалқар ауданының 1974 жылғы азаматы бізге арызданды. Оны 2021 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында 7 ай заңсыз еңбекке қанау фактісі анықталды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 128-ші бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Орталық мамандарының дерегінше, көшеде қайыр сұрап отыратындардың да қожайыны бар. Тек олар полицияға арызданудан қорқады деді.

Г. Сейтенова